«Астана» Қазақстан чемпионатында «Каспий» клубын тізе бүктірді

16.10.2019, 10:00    Оқылғаны: 386
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Қазақстан чемпионатының жаңа маусымын жеңіспен бастап, Ақтауда жергілікті «Каспий» клубынан басым түсті.

Ұлттық лигадағы алғашқы матчымыздың шолуын бастамас бұрын, «Астана» да, ел біріншілігіне қатысатын барлық командалар секілді, Ереже шарттары бойынша, құрамына Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен екі легионер және басқа мемлекеттерден екі легионер тіркей алатындығына тоқтала кеткіміз келеді. Алайда біздің шет елден келген ойыншыларымыздың бәрінің де Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне еш қатысы жоқ болғандықтан, бүгін елорда ұжымы өзінің екі легионеріне ғана сенім артты. Олар – команданың жаңа ойыншылары – Джеремая Хилл және Душан Ристич.

Матчқа дейінгі болжамдар бойынша, «Астана» Ақтауға фаворит ретінде аттанғанымен, есепті алаң иелері ашып, біраз уақыт алда тұрды. Бірақ Эмиль Райковичтің шәкірттері тез жинақталып, ағаттықтарын бірден түзеп, таразы басын өздеріне қарай аударды. Алғашқы он минуттықтан кейін «Астана» 10 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Екінші кезеңде 10 ұпайлық есеп айырмасы 5 минуттай сақталып тұрды. Бірақ каспийліктер қайсарлық танытып, есеп айырмасын үдемелі түрде қысқарта бастады. Сөйтіп, «Каспий» дода көрігін мейілінше қыздырып, үлкен үзіліске шыққанда, екі ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты – 35:37.

Ақтау баскетболшылары есеп айырмасын тағы да қысқарта түсіп, үшінші кезеңнің басында бір ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Бірақ «Астана» бұдан кейін ойын өрнегін жетілдіре түсіп, бірте-бірте ұзай бастады. Үшінші кезеңнің ортасына қарай біздің жігіттер 7 ұпай айырмасымен алда тұрды. Бұл ойынның осы бөлігі аяқталғанда ол екі есе өсті – 14 ұпай. Соңғы кезеңде астана командасы қарқынын үдете түсіп, «Каспий» қонақтарына ілесе алмай қалды. Осылайша, соңғы 10 минутта есеп айырмасы екі еседен де артық шамаға артты. Сөйтіп, «Астана» Ұлттық лиганың жаңа маусымындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді – 54:90 (13:23, 22:14, 11:23, 8:30).

Матчтың бірінші жартысында «Каспий» біздің командаға дес бермей, күш-жігерін көрсетті. Бірақ ойынның екінші жартысында «Астана» көсіле сілтеп, мүмкіндіктерін мүлт жібермей, ірі жеңіске жетті. Осылай Ұлттық лигадағы алғашқы ойынында айқын басымдықпен басым түсті. Әрі турнир кестесінде бірден көш бастады. Еншісіндегі ұпайы кейбір командалардан кем болса да, жүз пайыздық көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты.



Ең үздік ойыншылар: Бұл ойында «сары-көкшіл» жейделілердің жаңа капитаны Рустам Мырзағалиев ерекше көзге түсті (17 ұпай, 5 пас, 2 рет допты «тартып» әкетті және 2 блокшот). Команданың жаңа ойыншысы Душан Ристич те одан қалысқан жоқ (17 ұпай, 10 рет доп қағып алды және 2 рет допты «тартып» әкетті). «Каспий» сапында қауіп төндіргендер — ресейлік Денис Орленко (10 ұпай, 12 рет доп қағып алды, 4 пас және 3 блокшот) және Валерий Симонов (15 ұпай, 3 рет доп қағып алды және 2 рет допты «тартып» әкетті).

Келесі ойын: Ертең, 16 қазан күні біздің жігіттер тағы да «Каспий» баскетболшыларымен додаға түсіп, қосарланған матчтың екіншісін өткізеді. Одан кейін олар Мәскеу түбіне барып, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында жергілікті «Химки» клубымен кездеседі. Бұл ойын жексенбі күні, 20 қазанда болады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»