«Астана» ВТБ лигасының жаңа маусымын түзде УНИКС клубымен бастайды

04.10.2019, 18:00    Оқылғаны: 36
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатының жаңа маусымдағы алғашқы ойынын түзде Қазанның УНИКС клубымен өткізеді.

УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан. 1991 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек Еурокубок додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009-2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014 
  • FIBA Евролигачемпионы − 2003/04 
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/11
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/14 
  • NEBL чемпионы − 2002/03. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/10, 2011/12, 2015/16 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/11, 2018/2019

Қазандықтарды биылғы дүбірлі додаларға үшінші маусым қатарынынан Грекия маманы Димитрис Прифтис басқарып шығып отыр. Сонымен қатар, команда сапында негізгі көшбасшыларының бірнешеуі қалды: Джамар Смит, Рэймар Морган және Эрик Макколлум. Бұларға биыл Америка алыбы Алекс Тьюс, Еуролига додасының екі дүркін жеңімпазы, грек Вангелис Манцарис, сондай-ақ Хаукур Паллсон және бұрын УНИКС сапында ойнаған Валерий Лиходей келіп қосылды. Маусым аралығында команда сапынан Антон Понкрашов, Пиеррия Хенри, Мелвин Эджим, Трентон Локетт және Максим Шелекето кетіп қалды. Бұл ретте, қазандықтардың басты өкініші Морис Ндурдың Испанияға ойысуы болды. Себебі ол Димитрис Прифтистің жүйесіндегі негізгі қозғалтқыш күш болатын.

Кездесулер тарихы: ВТБ Бірыңғай лигасының барлық маусымдарын есепке алсақ, «Астана» мен УНИКС баскетбол алаңында 14 рет додаға түсті. Өкінішке қарай, астана командасы Қазанның қарымды клубын оның екеуінде ғана қапы қалдырды. Алайда сол екі жеңістің біреуіне, былтырғы маусымдағы УНИКС-пен өткен соңғы матчта қол жеткізді. Бұл ойын 95:98 есебімен аяқталған болатын.

Турнир кестесі: бұл ойын – екі команда үшін де биылғы маусымдағы алғашқы матч, яғни алғашқы ұпайларын осы ойында иеленулері керек.

Қызықты деректер:
  • УНИКС «Астана» клубының ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы қарсыласы болған. Ол ойында Қазанда өткен болатын. Бірақ алаң иелері жеңіске жеткен-ді.
  • «Астана» клубының жаңа ойыншысы, америкалық шабуылшы Коти Кларк 2016/2017 жылдар маусымында УНИКС сапында ойнаған.

Маусым енді басталды, командалар маусымаралық дайындық кезінде ойын өрнектерін қандай деңгейде жетілдіре алды, оны тек алғашқы матчтардан соң саралауға болады. Десек те, УНИКС клубының қашан да азулы ұжым болғандығын және іс жүзінде Ресейдің ең үздік клубтарының бірі екендігін ескеру қажет. Сондықтан Эмиль Райковичтің шәкірттеріне тек осы ойынға ғана емес, жалпы биылғы маусымға қалай дайындалғандықтарын толықтай жүзеге асыруға тура келеді.

Матч жексенбі күні, яғни 6 қазанда Қазан қаласындағы «Баскет-Холл» аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі. Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қазан күні астана командасы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатындағы бірінші ойынын өткізеді. «Астана» клубының бұл матчтағы қарсыласы Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубы болады. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры