«Астана» – 2017 жылғы Қазақстан Кубогының иегері

11.03.2017, 20:00    Оқылғаны: 249
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін баскетболдан ерлер арасындағы “Қазақстан кубогы – 2017” додасының финалдық ойыны өтіп, бітіспес қарсыластар, яғни «Астана» ПБК және «Атырау Барыстары» БК кездесті.

Кеше жартылай финалдық екінші жұпта Атыраудың «Барыстары» мен Ақтаудың «Каспий» клубы кездесіп, тартысты өткен ойында Атырау клубы 86:74 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогының финалында бас бәйгені сарапқа салу құқығына ие болған болатын.

«Астана» ПБК былтыр ел кубогы додасына қатыспаған болатын, ал биыл Кубокты Астанаға алып кету үшін додаға түсті.
Мұратқа жету оңай болды ма, жоқ па, кесіп айту қиын, бірақ финалдық ойын бәрінен де қызықты және шектен тыс шиеленісті өтті.

«Астананың» негізгі құрамдағы бестігі: Рүстем Мырзағалиев, Антон Пономарев, Рустам Ерғали, Александр Жигулин және Максим Марчук. 

Екі команда да алғашқы шабуылдарынан бастап қателесіп, есепті аша алмай, мүлт кетті. Әйтсе де, Антон Пономарев бірінші болып бастады. – 2:0. «Барыстар» да қалыспай, екі ұпаймен жауап берді. Әрі қарай ұсақ-түйек қателіктер бір-біріне жалғасты. Атыраулықтар оймақторға доп түсіре алмай, соның кесірінен одан әрмен қателесіп, қара терге түсті. «Астана» керісінше, сабырлық сақтап, бәрін де дұрыс істеуге тырысып, +10 ұпай айырмасымен алға шықты. Бірінші кезең 18:8 есебімен аяқталып, «Астана» басымдық танытты.
 
Екінші онминуттық айтарлықтай өзгеріссіз өтті. Үш минут бойы екі команда да допты оймақторға түсіре алмай, пұшайман болды. Тек 4-ші минутта Рүстем Мырзағалиев команда қоржынына қиыншылықпен келген 3 ұпайды салды. Атыраулықтар да қалыспай, үш ұпайлық соққымен жауап берді, әрі есепті қысқартуға тырысты. Бірақ «Астана» 10 ұпайлық басымдығын екінші кезеңнің аяғына дейін сақтап қалды. Ойынның бірінші жартысы 33:24 есебімен аяқталды, алда – «Астана».    

Үлкен үзілістен кейін екі команда да алаңға шыға салып, қамшыны басты, Айылдарын жимай, аянбай ойнады. Бірақ мұндай ойыннан Рүстем Мырзағалиев үшін еш пайда болмады. Ол жетінші минутта 5-ші рет ескерту алып, алаңнан аластатылды. Ойын үйлестіруші міндетін өзіне команда капитаны Рустам Ерғали алды. Әрі өте маңызды үш ұпайлық соққысын оймақторға дөп түсірді. Үшінші кезең «Астана» ПБК жеңісімен, яғни 47:38 есебімен аяқталды.

Соңғы онминуттық ұзаққа созылып, бітпей қойғандай әсер етті, қос команда да титықтап шаршады, әрбір ойыншы үш-төрт ескертуден алып, доп додасы мейілінше шиеленісе түсті. Өйткені, әрбір келесі бұрыс қозғалыс пен әрекеттің бағасы тым қымбат еді. Десек те, бұл ойынға соншалықты әсер еткен жоқ. Максим Марчук көрермендерді әдемі данктермен сүйсіндірсе, Антон Пономарев небір қиын сәттерде мүл кетпей, риза қылды. «Барыстардың» орталық ойыншысы Михаил Евстигнеев бесінші рет ескерту алып, ойынды қосалқы құрам орындығынан көруге кетті. Оның ізін суытпай, Павел Михеев те бесінші рет ереже бұзып, Евстигнеевке қосылды. Бұл «Астананың» тынысын аша түсті, сөйтіп олар барлық күш-жігерлерін ойының соңына жұмылдыра білді.

Финалдық ысқырық, таблодағы есеп – 66:46, «Астананы» жеңісімен құттықтаймыз!


 
Бұл турнирдің «Астана» үшін маңызы зор болды, команда өз күшімен, легионерлерсіз де, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ерен жетістіктерге қол жеткізе алатындығын дәлелдеп шықты.
 
Статистика: Дмитрий Гаврилов – 17 ұпай,  Рустам Ерғали – 13 ұпай, Максим Марчук – 7 ұпай.

Ежелден келе жатқан баскетбол дәстүрі бойынша, Қазақстан кубогының ең үздік бес ойыншысы анықталды:
  • «Үздік ойын үйлестіруші» – Рүстем Мырзағалиев (Астана)
  • «Үздік шабуылдаушы қорғаушы» – Рустам Ерғали (Астана)
  • «Үздік жеңіл шабуылшы» – Павел Ильин  (Атырау Барыстары)
  • «Үздік ауыр шабуылшы» – Антон Пономарев (Астана)
  • «Үздік орталық ойыншы» – Всеволод Фадейкин (Алматы Легионы)
«Астана» командасын, барлық ойыншыларын, бапкерлер құрамы мен басшыларын тағы да биылғы маусымдағы ең алғашқы жетістіктерімен құттықтаймыз!