«Астанаға» ВТБ Бірыңғай лигасының ең тиімді ойыншыларының бірі қосылды — Коти Кларк

09.09.2019, 17:00    Оқылғаны: 602
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы америкалық жеңіл шабуылшы Коти Кларкпен келісімшартқа отырғандығын жариялайды.

Коти Кларк 1992 жылы 4 шілдеде Антиох қаласында туған, Теннеси штаты, АҚШ. Ол – жеңіл шабуылшы шебінде ойнайтын америкалық кәсіпқой баскетболшы. Спорттық мансабын мектеп бітірген соң, Lawson State CC колледжінде бастаған.

2014 жылы ҰБҚ драфтында ешбір клуб таңдап алмаған соң, Кларк 19 тамыз күні Израиль чемпионатының екінші дивизионындағы «Хапоэль Казрин» клубымен келісімшартқа отырады. Израильдегі бір маусымда оның статистикалық көрсеткіштері аса жоғары болады. Орта есеппен бір ойында 19 ұпай еншілеп, 9,4 рет шығыршықтан қайтқан допты қағып алып, 3,6 пас беріп, 1,5 рет қарсыластарынан допты тартып алады. Сонымен қатар, өз клубын Леумит лигасының жартылай финалына алып шығады. 2015 жылы 25 қыркүйекте ҰБҚ клубы «Бостон Селтикспен» келісімшартқа отырады. Алайда жаңа маусым басталмай жатып, маусымаралық матчтардың біреуінде ғана ойнап, команда сапынан шығарылып жіберіледі. Әйтсе де, 31 қазан күні Д-Лигада ойнайтын «Бостонның» фарм-клубы «Мэн Ред Кловс» командасымен келісімшартқа қол қояды. 2016 жылы 7 наурызда «Селтикс» онымен онкүндік келісімшартқа отырады. 15 наурызда «Бостон Селтикс» сапындағы алғашқы ойынын өткізіп, 3 минут ойнап, 3 ұпай еншілейді. Бірақ оның командасы «Индиана Пэйсерс» клубынан ұтылып қалады. 18 наурыз күні екінші рет онкүндік келісімшартқа қол қойылады. Бірақ оның мерзімі аяқталған соң, «Бостон» онымен толыққанды келісімшартқа отырмайтын болып шешім қабылдайды да, Кларк «Мэн Ред Кловс» құрамына қайтып оралады.

2016 жылы 30 сәуірде Кларк Пуэрто-Рика лигасының «Capitanes de Arecibo» командасымен келісімшартқа отырып, маусымды соңына дейін сонда ойнап, шілде айында Қазанның УНИКС командасына ауысады. Ол келесі маусымды да ВТБ Бірыңғай лигасында өткізеді, бірақ енді «Автодор» (Саратов) клубының намысын қорғайды. Ол ВТБ Бірыңғай лигасында 26 ойын өткізіп, орта есеппен әр матчта 20,0 ұпай еншілейді, 8,3 рет шығыршықтан қайтқан допты қағып алады, 3,0 пас береді, 30,36 мину ішінде 1,1 рет қарсыластарынан допты тартып алады және осы чемпионаттың ең пайдалы ойыншысы болады (тиімділік коэффициенті – 22). 2018 жылы сәуір айында Кларк ВТБ Бірыңғай лигасының «Ең бағалы ойыншысы» болып танылады. Өткен маусымды Коти Кларк Црна Горадағы Подгорица қаласының «Будучность» баскетбол клубы сапында өткізді.

Коти Кларктің толық статистикасы және жетістіктері Ойыншы профилінде жарияланған.
 

Котиге астанаға тезірек бейімделіп, біздің жігіттермен және бапкерлер алқасымен тіл табысып кетуін тілейміз. Содан соң, әрине, оны «Астана» клубының сары-көк жейдесінде алаңнан қашан көруге болатынын тағатсыз күтеміз.
Бас серіктесіміз — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Әлеуметтік серіктесіміз — «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»