«Астана» Қазақстан кубогында «Каспий» клубын да ұтты

10.03.2017, 23:35    Оқылғаны: 933
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан кубогы додасының топтық кезеңдегі кезекті ойыны өтті. Елорда баскетболшылары Ақтаудың «Каспий» клубымен кездесті.

«Астананың» алғашқы бестігі: Рүстем Мырзағалиев, Рустам Ерғали, Максим Марчук, Антон Пономарев және Александр Жигулин.

Ойынға ортадан қосылған допты «Астана» баскетболшылар іліп алып, есепті екі ұпаймен Антон Пономарев ашты. Ақтаулықтар бірден шабуылға шығып, таразы басын теңестірді – 2:2. Ойынның бірінші минутынан бастап, екі команда да жігерлік танытып, бірінші кезең өте тартысты өтті. Есеп – 12:16, алда «Астана». Екінші онминуттық та табан тірескен додамен басталды. Астаналықтар сауатты ойнап, +10 ұпай алға ұзады. Ақтаулықтарға қпай айырмасының ұлғайып бара жатқаны әрине ұнай қойған жоқ, олар екі рет үш ұпайлық соқылармен жаңап берді. Ойынның бірінші жартысы 29:34 есебімен, яғни астаналықтардың жеңісімен аяқталды.



Үлкен үзілістен кейін «Астана» алаңға мейілінше сабырлы, жаңа күш-жігермен шықты. Үшінші кезең шектен тыс шиеленісті өтті. Командалар бір-бірінен қалыспай, шабуылға шабуылмен, соққыға соққымен жауап беріп отырды. Әйтсе де, матчтың бұл бөлігі де «Астананың» жеңісімен аяқталды – 54:61. Соңғы онминуттық тез өтіп кетті, бәсеке көрігі матч аяғына дейін сақталды. Бірақ өз күштерін, тәжірибе және талпыныстарын жұмылдыра білген «Астана» жеңіске жетті. Кездесу қорытындысы – 63:74, елорда командасы басым түсті.   

Статистика: Антон Пономарев – 20 ұпай, Рустам Ерғали – 16 ұпай, Рүстем Мырзағалиев – 14 ұпай.

Сөйтіп, «Астана» ел кубогының «Б» тобында бірінші орынға ие болды. Енді елордалықтар жартылай финалда топтық кезеңдегі, яғни «А» тобындағы «Алматы Легионы» мен «Тобыл» клубтары арасындағы матчта жеңіске жеткен командамен кездеседі. «Каспий» баскетболшылары «Б» тобында екінші орынға ығысты. Олар жартылай финалда кеше «А» тобында бірінші орынға жайғасқан «Атырау Барыстары» командасымен додаға түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»