«Астана» Қазақстан Ұлттық лигасы финалында «Атырау Барыстарымен» додаға түседі

24.05.2019, 17:00    Оқылғаны: 427
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасындағы финалдық ойындар 25 мамырда Атырауда және 28 мамыр күні Нұр-Сұлтанда өтіп, «Астана» Президенттік баскетбол клубы ел чемпионы атағын биыл да «Атырау Барыстарымен» сарапқа салады.

«Астана» жартылай финалдық жұпта Қостанайдың «Тобылын» ойсырата ұтқан болатын. Ал біздің финалдағы қарсыласымыз, яғни «Атырау Барыстары» екі рет «Алматы Легионын» тізе бүктірді. Финалдық ойындар да, жартылай финалдық дода секілді, екі ойынға созылады. Бірінші матч 25 мамыр күні Атырауда, ал шешуші кездесу 28 мамырда Нұр-Сұлтанда өтеді.

Қарсылас:
«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болған. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылған.


Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018
  • Жоғары лига жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының финалына шықты: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018

Командаларды салыстыру:
«Атырау Барыстары» ел чемпионатында 36 ойынның 26-сын жеңіспен аяқтап, екінші орынға ие болды. Биылғы маусымда «Астана» атыраулық қарсыластарын айқын басымдықпен, нақтырақ айтқанда, орта есеппен 26 ұпай айырмасымен ұтып отырды. Тек бір матчта ғана «барыстар» біздің командамен тайталасып, 8 ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Ал төл біріншілігіміздің соңғы матчында «Астана» «Атырау Барыстарын» 55 ұпай айырмасымен күйрете жеңді.


«Атырау Барыстарының» көшбасшылары:
Атырау командасының көшбасшысы – орталық шептегі қазақстандық ойыншы Владимир Иванов. Ол ойын барысында өз соққыларын шығыршыққа дәл түсіруден, лига бойынша көш бастап тұр. Сондай-ақ блокшоттан Ұлттық лигадағы үздік баскетболшы, әрі өз командасында ең көп ұпай еншілеген ойыншы да осы жігіт болып отыр. Црна Гораның тәжірибелі ойыншысы Боян Бакичтің де «Атырау Барыстары» сапындағы рөлі мен пайдасы – ұшан-теңіз. Сонымен қатар, америкалық Донте Ламонта Макгилланы да бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Ол командаға Жаңа жылдан кейін келсе де, ұжым құрамына тез бейімделіп, тіпті оның көшбасшыларының біріне айналды. Сондай-ақ, маусым ортасында «Атырау Барыстары» командасы бас бапкерін ауыстырған. Серб маманы Александар Вржинаның орнына Латвия құрамасының жаттықтырушысы Вецвагарс Арнис келді.                


Тарих:
«Атырау Барыстары» үнемі «Астананың» Қазақстан чемпионатындағы ең басты қарсыласы болған. Өткен сегіз маусымда біздің команда мен «Барыстар» финалда алты рет кездескен. Биыл жетінші рет жолдары түйісіп тұр. «Атырау Барыстары» – финалда «Астананы» ұтқан жалғыз команда. Бұл 2015/2016 жылдар маусымында болған, сол маусымда астана клубы өз тарихында бір рет қана күміс жүлдегер атанған.


Биылғы маусымда «Астана» Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, үстемдік танытты. Әрі, әрине, финалда да фаворит болып есептеледі. Ал «Атырау Барыстарының» 2015/16 маусымындағы жетістіктерін қайталаулары екіталай.



Сейсенбі күні, 28 мамырда біздің жанкүйерлеріміздің бәрін Назарбаев Университеті спорт залының трибуналарында күтеміз (Қабанбай батыр даңғылы, 53). Матчтың басталуы – астана уақытымен 17:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
Бас серіктесіміз — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Әлеуметтік серіктесіміз — «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»