«Астана» ширек финалдағы бірінші ойында «Химкиден» ұтылып қалды

06.05.2019, 08:00    Оқылғаны: 861
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Мәскеу түбінде «Химки» мен «Астана» арасындағы ВТБ Бірыңғай лигасы ширек финалының бірінші ойыны өтіп, елорда командасы жеңіліске ұшырады – 82:59 (24:17, 15:17, 22:13, 21:12).

Бұл жұптағы ойын ең соңынан өтті. Басқа үшеуіндегі бірінші матчтар ертерек аяқталған болатын: УНИКС өз алаңында «Калев» клубынан басым түсіп (92:82), ЦСКА Мәскеуде «Нижний Новгород» командасын оңай шақты (87:50), ал «Зенит» түзде «Локомотив» баскетболшыларын сан соқтырып кетті (69:78).

Бұл жұпта «Химки» фаворит болып саналады, әрі бірінші матчта жеңіске деген құлшыныстары да басымырақ болды. Алаң иелері ортада лақтырылған допты қағып алып, бірінші шабуылдарында-ақ есеп ашты. Бірақ Джеффри Гроселл әуелі есепті теңестіріп, 30 секундтан кейін «Астананы» алға шығарды. Алайда Қазақ елі командасы алда ұзақ тұра алмады. Химкиліктер келесі шабуылдарында таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударып алды. «Астана» біраз уақытқа дейін қарсыласына дес бермей, тайталасып бақты. Бірақ бірінші кезеңнің ортасында алаң иелерінің аса жоғары қарқындарына төтеп бере алмай қалып (10-0), бірінші онминуттықтың аяқталуына үш жарым минут қалғанда 11 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бұл кезең аяқталғанша, біздің команда есепті біршама қысқартты да. Әйтсе де, бірінші кезеңде 24:17 есебімен ұтылып қалды. Екінші кезең екі команданың қателіктерімен басталды. Алаң иелері бірінші болып ұпай еншілегендерімен, осы онминуттықтың алғашқы жартысында біздің команда басымдық танытты. Екінші кезең бел ортасына жеткенде 10 ұпайлық есеп айырмасы 2 ұпайға дейін қысқарды. Алайда, өкінішке қарай, қазақстандықтар қарсыластарын қуып жете алмады. Ал олар, яғни алаң иелері өз кезектерінде біздің ұжымның қарқынын басты. Он бес минуттық үзіліске дейін ойын өте тартысты өтті. Екі команда да аянбай, табан тіресе ойнады. Ақыр соңында, екінші кезеңде «Астана» басым түсті – 15:17. Бірақ матчтың бірінші жартысында ұтылып қалды – 39:34.

Үшінші кезеңде Қазақ елі командасының ойыны үйлеспей қойып, алаң иелерінің есеп айырмасын ұлғайта түсулеріне мүмкіндік беріп алды. 2 минутқа да жетпейтін уақыт ішінде химкиліктер есеп айырмасын 10 ұпайдан да асырып, оны ұлғайта берді. Бірақ «Астана» оңайшылықпен берілген жоқ. Әйтсе де, екінші кезеңнің ортасында 11 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алексей Швед бастаған «Химки» алаңда көсіле сілтеп, өздері ойлағандай тым тез болмаса да, есеп айырмасын ұлғайтқан үстіне ұлғайта түсті. Сөйтіп, үшінші кезең аяқталғанда, 16 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті – 61:47. Осылай, алаң иелерінің өздеріне деген сенімділіктері арта түсіп, «Астана» керісінше, біршама басылып қалды. Дегенмен, Эмиль Райковичтің шәкірттері еңселерін түсірмей, қолдарына келгеннің де, келмегеннің де бәрін жасауға тырысты. Десек те, «Химки» баскетболшылары алаңда билеп-төстеп, есеп айырмасын аса қиналмай +20 ұпайға дейін де жеткізді. Оларға айқын басымдықтарын уыстарынан шығармауға әлі 5 минут уақыт бар болатын. Әрі олар бүгінгі ойында өз мақсаттарына жетті. Ал Қазақстан командасының жеңіске жету мүмкіндігі мен үмітінің күлі көкке ұшты. Біздің жігіттер не істеп, тырысса да, бүгінгі жеңілістен құтылудың ешбір жолын таппады. Сөйтіп, «Химки» бірінші ойында ірі есеппен жеңіске жетті – 82:59.

Жалпы, «Астана» қорғаныста жаман ойнаған жоқ. Әрі «Химкидің» позициялық шабуылдарының бәрі қиындықпен жүзеге асты. Бұл әсіресе кездесудің бірінші жартысында байқалып тұрды. Бірақ біздің команда жылдам ұйымдастырылған шабуылдардан көз жазып қалып отырды. Осындай шабуылдарға тойтарыс бере алмай, матчтың бірінші жартысында 5 ұпай ұтылдық. Сонымен қатар, Қазақ елі командасы «Химки» көшбасшыларын тұсаулап ұстай алды. Олар ойынның бірінші жартысында көсіле сілтей алмады. Ал үлкен үзілістен кейін «Аса Мәртебелі» – Алексей Швед осы ойын басталар кезде ғана алған «2018/2019 жылдар маусымындағы лиганың ең көп ұпай еншілеген ойыншысы» жүлдесін ақтай бастады. «Астана» ойыншылары қанша тырысса да, Алексейді тоқтата алмады. Ол дәл осы ойында өз командасын жеңіске жетелеген ойыншы болды.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Химки»: Алексей Швед  (27 + 5 пас), Малкольм Томас (10 + 8 рет доп қағып алды), Андрей Зубков (7 + 7 рет доп қағып алды)
  • «Астана»: Джеффри Гросселл (11 + 7 рет доп қағып алды), Энтони Клеммонс (10), Кеннет Хортон (6 + 7 рет доп қағып алды)

«Астананың» бас бапкері – Эмиль Райкович:
— «Химкиді» құттықтаймын, бүгін олар үздік команда болды. Олар құрамындағы ойыншыларын ауыстырып ойнап, бәрін де ұтымды пайдалана біліп, бүгінгі матчта бастан-аяқ жоғары қарқында ойнады. Ойынның екінші жартысында біз оларға ілесе алмай қалдық. Біздің «жанар майымыз» таусылды. Сөйтіп, «Химки» жалпы есепте 1-0 есебімен алға шықты.  


«Химкидің» бас бапкері – Римас Куртинайтис:
— Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Матчтың басында оңай болған жоқ. Өйткені, әйтеуір бір толқу болды. Бірақ біз оны тез баса білдік. Өте жақсы ойнадық. Бірінші кезекте, қорғанысымызды ерекше атап өткім келеді. Мүмкін, биылғы маусымда бірінші рет шығар, әйтеуір қорғаныста өте сауатты ойнап, қарсыласымыздың 60 ұпай еншілеуіне мүмкіндік берген жоқпыз. Бір сөзбен айтқанда, табан тіресе ойнадық, қайтқан допты қағып алуда асып түстік және не қажет екенін көрсеттік. Келесі ойынды күтеміз.


Бұл жұптағы келесі ойын сейсенбі күні, 7 мамырда, «Химкидің» үйдегі алаңында өтеді. Басталуы – Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де. Естеріңізге сала кетейік, Ticketon.kz сайтында ВТБ Бірыңғай лигасының ширек финалындағы, «Астана» мен «Химки» арасындағы, 10 мамыр, жұма күні «Сарыарқа» велотрегінде өтетін үйдегі ойынына билеттер сатыла бастады. Бұл ойын астана уақытымен 17:00-да басталады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»