5-орын үшін өткен матчта «Зенит» «Астананы» овертаймда ұтты

28.04.2019, 09:00    Оқылғаны: 155
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» Санкт-Петербургте «-15» ұпай айырмасымен ұтылып жатып, есепті теңестірді. Алайда овертаймға ұласқан матчта бәрібір «Зенит» басым түсті – 103:95 ОТ (27-19, 22-31, 26-18, 12-19, 16-8).

Санкт-Петербургте «Зенит» пен «Астана» жыл сайынғы чемпионат қорытындысы бойынша 5-орын қайсысына бұйырарын сарапқа салды. Алаң иелері матчты аса жоғары қарқында бастады: бір минуттың ішінде олар жауапсыз 9 ұпай еншіледі, қарсыласын доптан екі рет айырылып қалуға ұрындырды, тіпті «Астана» бас бапкерін тайм-аут алуға мәжбүрледі. Мұның бәріне ұйытқы болған Коди Миллер-Макинтайр болды: қорғаушы осы уақыт аралығында 7 ұпай еншіледі. Бір минуттық үзіліс Қазақстаннан келген қонақтарға көп көмектеспеді. Бірінші кезеңнің ортасында «Зенит» алыстан лақтырған 6 соққысының 4-еуін дәл түсіріп, 15 ұпай айырмасымен алда тұрды. Бұл ретте, екі ойыннан аластатылып, команда сапына қайта оралған Джален Рейнольдс та ерекше көзге түсіп, өз үлесін қосты, Әйткенмен, «Астана» бірте-бірте қарсыласының қарқынын баса бастады. Бірінші кезекте, бұған доппен көп қателеспеудің арқасында қол жеткізілді: Эмиль Райковичтің шәкірттері матч басындағы сәтсіздіктерінен соң өз қателіктерін түзеп, үлкен үзіліске дейін доптан бір-ақ рет айырылып қалды. Яғни, «Зенитті» оңай ұпай олжалаудан қақты. Майкл Дженкинс ойынға қосалқы құрам орындығынан өте сәтті қосылып, бірінші кезеңде 14 ұпай еншіледі. Әрі «Астана» орындауындағы камбэктің басты қаһарманы болды: қорғаушының 2-ші кезеңнің соңғы минутындағы айып соққысынан дөп түсірген доптарының арқасында қонақтар үлкен үзіліске көшбасшы рөлінде шықты – 50:49.


Матчтың екінші бөлігінде екі команда алыстан доп лақтырудан сайысқа түсті. Әуелі «Астана» «+6» ұпай айырмасымен алға шықты. Одан кейін, 3-ші кезеңде, «Зенит» 5 рет үш ұпайлық доптарын дөп түсіріп, таразы басын қайтадан өздеріне қарай аударып алды. Ал соңғы 10 минутта 9 ұпай айырмасымен алға озды. Әйткенмен, қонақтар алыстан шығыршықты үш рет дәл көздеп, алаң иелерін қуып жетуге айналды – 82:83. Жарақатынан айығып, қатарға қосылған Сергей Карасев матч соңындағы ең үздік ойыншылардың біріне айналды десек те болады – Джален Рейнольд екеуінің орындауындағы аллей-уптан соң және өзі орта қашықтықтан допты дәл түсіргеннен кейін «Зенит» қайтадан 5 ұпай айырмасымен алға шықты. Бірақ, 4-ші кезеңнің соңғы 4 минутында алаң иелері бірді-бір ұпай еншілей алмады. Ал «Астана» болса, есепті теңестіріп, ойынды овертаймға көшірді.        
 

«Астана» қосымша 5-минуттықтың басындағы 2 жарым минутта небәрі 4 ұпай ғана еншіледі. «Зенит» болса, Филип Скрабб пен Евгений Валиевтің арқасында «+8» ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Әрі қонақтар айып соққысын орындауда бірнеше рет мүлт кетіп, есеп айырмасын қысқарта алмады.

«Зенит» осы жеңісінің арқасында «Астананы» қуып жетті. Енді екеуінің жеңістерінің саны бірдей, бірақ екеуара кездесулердегі доп айырмасына байланысты, петерборлықтар 5-орынға көтерілді. Қазақстан астанасына келген қарсыласын 6-шы орынға ығыстырды.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Зенит»: Коди Миллер-Макинтайр (20 + 7 рет доп қағып алды + 5 пас), Джален Рейнольдс (15 + 6 рет доп қағып алды), Филип Скрабб (14 + 5 пас), Владислав Трушкин (14).
  • «Астана»: Майкл Дженкинс (20 + 5 рет доп қағып алды), Кеннет Хортон (19 + 7 рет доп қағып алды), Стивен Холт (18), Джей Джей О’Брайен (14 + 7 рет доп қағып алды + 5 пас).

Цифр: 34 — «Астана» ойыншылары осынша үш ұпайлық соққылар орындап, бір маусымдағы клуб рекордын жаңартты. Қызық, қазақстандықтар орта қашықтықтан 31 рет шабуылдады – алыстан лақтырған доптарынан 3 соққы кем.

«Зенит» клубының бас бапкері — Жоан Пласа:
— Дәл осындай чемпионат соңында, Краснодарда «-35» ұпай айырмасымен басталған, қиындыққа толы болған матчтан соң, басқадай қорытынды болуы мүмкін емес еді, деп айта аламын. Бізді өте қиын матч күтіп тұрғаны, түсінікті еді. Мен ойыншыларымның жеңіске деген жігерліктері жоғары болғанына қуаныштымын. Олар айып соққысын орындауда тек екі рет қана мүлт кетті. Бұл дегеніңіз, ешкім де босаңсыған жоқ. Біз команда ретінде ойнап, жеңіске жеттік.  


«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович: 
— Өз жігіттерімді мақтан тұтамын. Олар бар күш-жігерлерін салды. Матч соңында шабуылда ширақ қимылдап, шығыршықтан қайтқан допты қағып алып, басқаша әрекет етуге, допты дөп түсіруге болушы еді. Бірақ мен өз жігіттерімді сынамаймын. Бұл «Астана» үшін – тарихи маусым. Енді плей-оффта біздің жоғалтар ештеңеміз жоқ. Біз тек өзімізге пайда келтіре аламыз. Егер ұтылып қалсақ, бізді ешкім де сөкпейді. Бірақ біздің одан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатын мүмкіндігіміз бар.


Осымен «Астана» үшін ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты аяқталды. Оның қорытындысы бойынша «Астана» турнир кестесінде 6-орынға ие болды. Әрі турнирдің бас бәйгесі – Белов кубогы додасына қатысады.

«Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізеді. 30 сәуір және 1 мамыр күндері астанаға Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы соңғы ойындарын өткізу үшін Көкшетаудың «Синегорье» клубы қонаққа келеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.