«Локо» «Астанаға» ВТБ Бірыңғай лигасында 4-орынды бермеді

16.04.2019, 08:00    Оқылғаны: 215
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Краснодардың «Локомотив Кубань» командасы түзде қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 93:83 (20-19, 22-30, 24-21, 17-23).

Қазақстан астанасында чемпионаттың 4-ші және 5-ші орындарында келе жатқан командалар кездесті: өз тарихында ең үздік маусымын өткізіп жүрген «Астана» Краснодардың «Локомотив» клубының ізіне түскен болатын. Ойын басталған бетте екі команда да 7-ұпайлық серпіліспен алмасты. Әуелі қонақтар Понитка, Фридзон және Джонсон үшеуінің дәл соққыларының арқасында алға шықты. Бірақ алаң иелері таразы басын тез теңестірді, ал Энтони Клеммонс қазақстандықтарды қайтадан алға шығарды. «Локо» өз шабуылдарын үшсекундтық аймақ арқылы өрбітіп отырды. Бірақ өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру пайыздары аса жоғары болған жоқ. Кубандықтар матчтың бірінші ширек бөлігінде 19 ұпай ғана еншіледі. Ал «Астана» болса, күш-жігерінің бәрін периметр бойына жұмсап, олжалы болды. Алыстан лақтырған 5 соққыларының 4-еуін шығыршыққа дөп түсірді. Екінші кезеңде «Локо» да өзінің сұрмергендеріне көп сенім арта бастады. Олардың үшұпайлық бірнеше соққыларынан кейін 11-0 есебімен серпіліс жасап, осы матчта бірінші рет «+11» ұпай айырмасымен алға озды. Дорелл Райт үлкен үзіліске дейін 16 ұпай еншілеп, бірде-бір рет мүлт кеткен жоқ – ойын барысында 5 соққысының 5-еуінде дөп түсіріп, периметрден 4 рет дәл көздеді, бұған әрі блок-шот қосты.


Дегенмен, «Астана» сапында да өзінің үздіктері төбе көрсетті. Кен Хортон мен Стефан Холт «Локо» ойыншыларымен осы «атыспаққа» қірісіп, екеуі ойынның жартысында 25 ұпай еншіледі. Үшұпайлық 6 соққының 5-еуін дөп түсірді. Үлкен үзіліске дейін есепті мейілінше қысқарта түсті. Алаң иелері 42:49 есебімен ғана ұтылып жатты. Үшінші кезеңнің басы «Астана» үшін аса сәтті болмады. Матеуш Понитка «Локо» шабуылының ұштығына айналып, бірнеше шабуылды нәтижелі аяқтады. Ал Дорелл Райттың кезекті үшұпайлық добынан кейін есеп айырмасы осы маттчағы ең алшақ шамаға жетті – «+14». Рас, қазақстандықтардың кезекті камбэк ұйымдастыруына небәрі 7 минут қана қажет болды. Майкл Дженкинс үшінші кезеңді алыстан лақтырған баззермен түйіндеді. Ал Джей Джей О’Брайен соңғы кезеңнің басында 9 ұпай еншілеп, таразы басын теңестірді – 77:77. Ал ойынның аяқталуына 4 минут қалғанда Энтони Клеммонс қонақтардың қорғанысынан өтіп кетіп, есепті «–1» айырмасына дейін қысқартты – 81:82. Алайда осыдан кейін «Астана» екі ұпай ғана еншіледі. Оның өзін соңғы шабуылда олжалады. Ал «Локо» болса, көсіле сілтеді (11-0), әрі қорғаныста сауатты ойнады.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Кеннет Хортон (22 + 6 рет доп қағып алды), Джей Джей О’Брайен (19 + 5 рет доп қағып алды), Стефан Холт (17 + 6 пас)
  • «Локомотив-Кубань»: Дорелл Райт (30), Матеуш Понитка (23 + 6 рет доп қағып алды), Дмитрий Кулагин (8 + 10 пас + 6 рет доп қағып алды)

«Локомотив-Кубань» клубының бас бапкері — Боб Доневальд:
— Өте ауыр ойын, тура біз күткендей болды. Доп үшін таласып-тартысуға толы дода, бұл да біз үшін таңқаларлық емес. Мені бәрінен бұрын командалық рух қуантты. Бәрі де бір-бірі үшін айқасты, әрқайсысы алаңда өзінің барлық күш-жігерін сарқ етті. Осы бізді жеңіске жетеледі. Мен өз жігіттерімді мақтан тұтамын және жанкүйерлерімізді осы жеңісімізбен құттықтаймын!


«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Бірінші кезекте қарсыласымызды құттықтағым келеді. «Локомотив-Кубань» – өте қарымды команда. Әрине, біз өз жанкүйерлерімізге жеңіс сыйлағымыз келді. Біз тырыстық, жігіттер аянған жоқ. Бірақ қорғаныста қонақтардың сұрмергені Доррел Райтты тоқтата алмадық. Бірнеше рет оның маңызды үшұпайлық доптарды дөп түсіруіне мүмкіндік беріп қойдық. Ал шабуылымызға келер болсақ, өз мүмкіндіктеріміздің бәрін жүзеге асыра алмадық. Қалай болғанда да, қауіптенетін түк те болған жоқ. Өз алаңымызда «Енисей» клубымен өтетін келесі ойынға дайындаламыз. Намысты қолдан бермейміз!      


«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты аясында, «үйдегі» соңғы ойынын, 21 сәуір күні өткізеді. Елорда баскетболшылары өз алаңында Ресейдің «Енисей» баскетбол клубын қабылдайды. Матч «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры