Баскетболдан Қазақстан Республикасының кубогы 2017

07.03.2017, 11:00    Оқылғаны: 243
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Көктем айының алғашқы күндері, 8-12 наурыз аралығында еліміздің оңтүстік астанасында баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан Республикасы кубогы өтеді. Ашылу салтанаты сағат 15:30-да «Достық» спорт кешенінде басталады.

Ұлттық баскетбол федерациясының жаңартылған регламенті бойынша, кубок додасында тек Қазақстан ойыншылары ғана ойнайды. Әр клуб сапындағы легионерлердің қатысуға құқы жоқ. Биыл ел кубогы додасында алты команда бақ сынайды. Олардың үшеуі – Ұлттық лига өкілдері, қалған тең жартысы – Жоғарғы лигада ойнайтын командалар. Атап айтқанда: «Астана» ПБК, «Атырау Барыстары», «Каспий» Ақтау, «Алматы Легионы», «Қапшағай» және «Тобыл».
 
Бірінші кезеңде командалар «А» және «Б» екі тобына бөлінеді де, өз топтарында бір айналымдық жүйемен ойнап шығады. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша өз топтарында үшінші орынға табан тіреген командалар кубок додасының 5-орнын сарапқа салады. Ал өз топтарында бірінші және екінші орындарға ие болған командалар жартылай финалға шығады. Әрі қарай ел кубогының үшінші және бірінші орындарына таласады.
 
Естеріңізге сала кетейік, «Астана» баскетбол клубы соңғы екі жылда Кубок додасына қатысқан жоқ. Қазіргі кубок иегері – оңтүстік астананың «Алматы» легионы». Олар былтыр жеңімпаз атанған болатын. 

Барлық жанкүйерлерді және баскетбол ойынын сүйетін әлеуметті 8-12 наурыз аралығында Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде күтеміз.
 
Турнир және оған қатысатын командалар туралы толық мәліметтер, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері біздің сайтымыздың Турнирлер бөлімінде жарияланған.