«Астана» Пермде пәрменділік танытты

28.02.2019, 16:00    Оқылғаны: 76
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» түзде Ресейдің «ПАРМА» клубын тізе бүктірді – 85:80 (22:28, 26:17, 22:20, 15:15).

«ПАРМА» (3-13) бұл кездесуге дейін жеті рет қатарынан ұтылып, көш соңындағы екі орынның бірінде тұрған. «Астана» болса, үздік төрттікке ілігуге және плей-оффта өз алаңы басымдығына қол жеткізуге тырысып жүр. Матчтың бірінші жартысында екі команда арасындағы бұл айырмашылық білінген де жоқ. Пермдіктер алғашқы кезеңде үш ұпайлық алты соққыны дөп түсіріп, алға шықты (28:22). Ойынның екінші ширек бөлігінде қонақтар алаң иелерінің сұрмергендерін тұсаулап ұстап, үшсекундтық аймақта қыспаққа алудың арқасында таразы басын өздеріне қарай аударды. Сөйтіп, үлкен үзіліске шыққанда есеп 48:45 болды.

Үшінші кезең өте тартысты өтті. «ПАРМА» алға ентелеген Джей Джей О’Брайен мен Стивен Холтқа өздерінің сенімді «қаруларымен», яғни алыстан лақтыратын дәл соққыларымен тойтарыс берді. Соңғы 10-минуттықтың алдында есеп 70:65 болып, қонақтар алда тұрды.

Соңғы кезеңде екі команданың да шығыршыққа доп түсірулері мейілінше сиреп кетті. Әйтсе де, «ПАРМА» матч соңында көсіле шапты. Ойынның аяқталуына 3 минут 17 секунд қалғанда, Рашард Келлидің орындауындағы лэй-ап алаң иелерін алға шығарды – 77:79. Бірақ бұдан әріге оралдықтардың шама-шарқы жетпеді. Қалған уақытта олар 5 ұпай ғана еншіледі, әрі оның өзін «Астана» есеп айырмасын жеңістеріне күмән келтірместей болып ұлғайтып алғанда салды.

«Астана» осы жеңісінен кейін «Зениттің» алдына түсіп кетті. Енді «Локомотив-Кубань» және «Химки» клубтарынан бір жеңісі ғана – кем.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «ПАРМА»: Кен Браун (14 + 8 пас), Константин Буланов (14), Эйгирдас Жукаускас (12 + 6 рет доп қағып алды)
  • «Астана»: Джей Джей О’Брайен (23 + 6 рет доп қағып алды), Энтони Клеммонс (16 + 5 пас), Джеффри Гросселл (13 + 7 рет доп қағып алды)

Цифр: 5 – тура осынша ұпайды «ПАРМА» айып соққысы сызығынан еншіледі («Астананың» мұндай көрсеткіші – 16). Ойын барысында шығыршыққа доп түсірген көрсеткіштерінің бірдей екенін ескерсек (32 дәл соққы) пермдіктерге көбінесе трапеция пішіндес аймақ ішінде жанкештілік таныту жетіспегендей.

Үздік ойыншы: Джей Джей О’Брайен. «Астана» шабуылшысы алаңда 36 минут өткізіп, ойын барысында 12 соққысының 9-ын дәл түсірді. О’Брайен екі команданың да сапындағы ең көп ұпай еншілеген ойыншы болды (23 ұпай). Сондай-ақ, 6 рет доп қағып алып, 3 пас берді.
 
 «ПАРМА» клубының бас бапкері м.а. Вячеслав Шушаков:
— Команданың нақты жоспары болған, ол бірінші кезеңнің қайсыбір бөлігінде жүзеге асырылды да. Бірақ түптеп келгенде, біз өзіміз межелеген басымдыққа қол жеткізе алмадық. Жігіттер қорғаныс шебінде орасан зор күш жұмсады. Өкінішке қарай, Эйгирдас көп ескерту алып қалды. Одан әрі біз қорғаныста да, шабуылда да жанкештілік таныта алмадық. Содан соң матч күш-қайрат айқасына айналып, онда «Астана» өзін өте сенімді сезінді. Біздің жігіттердің жеңіске деген жігерліктері керемет болып еді, бірақ ойының кейбір сәттерінде мұқияттылық таныта алмадық.  

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бұл ойын біз үшін өте маңызды болды, өйткені әлем чемпионатының іріктеу ойындарынан кейін өтті. Нақтырақ айтқанда, команда сапындағы жігіттердің бәрінің басын қосып, толыққанды жаттығу өткізе алмадық. Бүгін «ПАРМА» жігерлік танытып, бұл ойында жеңіске жетуге тырысты. Мен осындай ойын өрнегін көрсетуге бұл команданың әлеуеті жетеді, құрамы тәп-тәуір жасақталған деп ойлаймын. Мен өз командамды жеңіске жол таба білгенімізбен құттықтаймын. Біз ойын тізгінін уысымыздан шығармай, қарсыласымыздың осал тұстарын баса біліп, шабуылдап отырдық. Мысал ретінде айтқанда, Эйгирдас Жукаускасты ойын ережесін бұзуға мәжбүрлеп отырдық. Сонымен қатар, біз периметр бойында, әсіресе матчтың екінші жартысында, қорғанысқа көп көңіл бөлдік.

«Астана» келесі кездесуін де түзде өткізеді. 2 наурыз күні елорда баскетболшылары Казанға қонаққа барып, онда жергілікті УНИКС баскетбол клубымен ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі чемпионаты аясында додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.