Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеуінде Филиппиннен ұтылды

25.02.2019, 08:00    Оқылғаны: 184
Дереккөз: NBF RC
Автор: Игорь Свирипа
Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2019 жылғы Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасын тәмамдап, соңғы матчты өз алаңында өткізсе де, Филиппин құрамасына азуы батпады.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасын өз алаңында аяқтап, Филиппин құрамасын қабылдады. Бұл ұжым екінші іріктеу сатысында «Ұлы дала арландарынан» ұтылған жалғыз команда болатын. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылы 30 қараша күні Манилада қазақстандықтарға есе жіберіп алған. Филиппиндіктер сол жеңілістерінің есесін қайтаруды ойлап, бекем буынып келген болатын. Олар әрі бұған дейін Катар баскетболшыларын ойсырата ұтып, F тобындағы төртінші орынға жайғасып алған да болатын. Сондықтан, Қазақстан – Филиппин матчы турнир кестесіне ешқандай өзеріс енгізбейтін болып, ойын қалай аяқталса да, екі құрама да өз орындарында қалатын болған-ды. Егер қарсыласымыздың құрамына көз жүгіртер болсақ, олардың сапы Филиппиндегі ойынмен салыстырғанда әжептәуір өзгерген болатын. Мәселен сол құрамнан Астанаға төрт ойыншы ғана келді. Жалпы, Филиппин құрамасының сапында ерекше назар аударуға тұратын ойыншы 32 жастағы Сиракуз тумасы (АҚШ) Эндрей Блатч деуге болады. Ол кезінде ҰБА-дағы «Вашингтон Визардс» және «Бруклин Нетс» сынды командалар сапында ойнаған. Қазір өзінің кәсіби мансабын Қытайда жалғастырып жүр. Әрі Филиппин азаматтығын алып, осы елдің намысын қорғайды. Ал біздің құраманың сапына келер болсақ, соңғы Австарлия құрамасымен өткен ойындағы құрам сол күйі сақталды.



Филиппиндіктер ойынға қосылған допты іліп әкеткендерімен, одан айырылып қалып, алаң сыртына шығарып алды. Ал Рустам Мырзағалив бірінші шабуылында-ақ үш ұпайлық соққысымен есеп ашты. Бір минуттан кейін Александр Жигулин есеп айырмасын 5 ұпайға ұлғайтты. Филиппиндіктер үшін алғашқы ұпайларды Эндрей Блатч еншіледі. Іле-шала үшінші минутта қонақтар таразы басын теңестіріп, одан кейін алға да шықты. «Ұлы дала арландары» ойын тізгінін өз қолдарына алу үшін бар күш-жігерлерін салды. Бірақ олар белсенділік танытып, ұпай қорын молайта түскен Эндрей Блатчты тоқтата алмай, дал болды. Филиппин құрамасы 8 ұпай айырмасымен ұзай түскен болатын. Бірақ біздің жігіттер есеп айырмасын қысқарта түсті. Тіпті бірінші кезеңнің соңында оны теңестіруге де шақ қалды – 21:22. Екінші кезеңде де екі команда бір-біріне дес бермей, дода көрігін қыздыра түсті. Қазақстан құрамасы қонақтарын қуып жетуге тырысып, бір рет тіпті есепті теңестірді де. Алайда филиппиндіктер есеп айырмасын алшақтата түсумен болды. Бірақ жетінші минуттың басында Энтони Клеммонс допты тартып алды да, қонақтардың шығыршығына таяу жерде жалғыз тұрған Рустам Ерғалиға тамаша пас бере қойды. Біздің капитан өз мүмкіндігін мүлт жібермей, Қазақстан құрамасын екінші кезеңде алғаш рет алға шығарды. Өкінішке қарай, Ренатас Крилионокастың шәкірттері алда ұзақ тұра алмады. Әрі матчтың бірінші жартысының соңғы екі минутында қонақтардың таразы басын өздеріне қарай аударып алуларына мүмкіндік беріп қойды – 40:45.



Үшінші кезеңнің басы Филиппин сценариімен өтті. Үлкен үзілістен кейінгі бір жарым минуттан соң қонақтардың басымдығы бірінші рет 10 ұпайдан да асып түсті. Энтони Клеммонс екінші минуттың соңында біздің құраманың үшінші кезеңдегі алғашқы ұпайын еншіледі. Матчтың үшінші ширек бөлігіндегі уақыттың көбісінде есеп айырмасы 10 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Филиппиндіктердің бір рет тіпті 15 ұпай айырмасымен алға озған сәті де болды. Алайда біздің жігіттер есепті екі рет «–6» ұпайға дейін қысқартты. Әйтсе де, үшінші кезеңде де қонақтар басым болды – 60:71. Үшінші кезеңде қонақтар қарқындарын үдете түсіп, есеп айырмасын 15 ұпайға дейін жеткізді. Алаң иелері намысты қолдан бермеуге тырысып, тайталасып бақты. Бірақ Филиппин баскетблшылары олардың есепті қысқартуларына да еш мүмкіндік бермеді. 15 ұпайлық есеп айырмасы матчтың соңғы бес минутында да сақталып тұрды. Филиппиндіктерді бұл нәтиже қанағаттандыратын болғандықтан, олар онсыз да түгесілуге айналған уақытты созуға көшті. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда қонақтар есеп айырмасын одан әрі ұлғайта түсіп, 20 ұпайға дейін жеткізді. Әйткенмен матч 75:93 есебімен аяқталды.



Егер жеңіліс себептерін талдап, статистикалық көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, онда оның қайсыбіреуінен филиппиндіктердің айқын басымдығын бөле-жара атау мүмкін емес. Шығыршықтан қайтқан допты қағып алу мен допты тартып (қиып) алудан филиппиндіктер сәл де болса, басым түскен – 35/39 және 6/9 тиісінше. Қазақстандықтар доптан да көбірек айырылып қалған – 16/12 және блокшоттан да есе жіберіп алған – 1/2. Ал нәтижелі пастарды «Ұлы дала арландары» қонақтарынан біршама (8 пас) көп берген – 23/15 және ойын ережесін азырақ бұзған – 20/24. Сондай-ақ бұл ойында да Қазақстан құрамасы өз мүмкіндіктерінің көбісін мүлт жіберіп алып, есе жіберді. Ойын барысында шығыршыққа лақтырған доптарының 42% ғана дөп түсірді, ал айып соққыларының 65,4% мүлтіксіз орындады. Ал қонақтардың бұл көрсеткіштері 47% және 71,4% болды. Филиппиндіктер бүгін шығыршыққа доп лақтырудан алаң иелерінен асып түсті, олардың 2 ұпайлық соққылары да, 3 ұпайлық соққылары да, сондай-ақ айып соққылары да әлдеқайда артық болды. Ал олардың өз мүмкіндіктерін тиімдірек пайдаланғандарын ескерсек, онда есеп айырмасының осынша алшақтау болуына таң қалудың қажеті жоқ. Жалпы, бүгінгі жеңілістің басты жүзеге асырушысы тәжірибелі Эндрей Блатч болды, оны біздің ойыншылар тоқтата алмай, қомақты дабл-дабл (41 ұпай және 13 рет доп қағып алды) жасауына мүмкіндік беріп қойды.

Матчтың үздік ойыншылары:
  • Қазақстан — Энтони Клеммонс (27 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 9 пас, 4 рет допты қиып әкетті және 1 блокшот), Рустам Мырзағалиев (8 ұпай, 6 рет доп қағып алды және 8 пас), Рустам Ерғали (11 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 4 пас) және Дмитрий Гаврилов (12 ұпай).
  • Филиппин — Эндрэй Блатч (дабл-дабл – 41 ұпай және 13 рет доп қағып алды, 3 пас, 4 рет допты қиып әкетті, 2 блокшот), Джейсон Кастро (15 ұпай және 3 рет доп қағып алды) және Марсио Ласситер (8 ұпай және 3 рет доп қағып алды).

Матчтың қызықты сәттері:
 

Қарсылас команда және матч жайлы толық ақпараттар, статистика, жаңалықтар, фото және бейне баяндар сайтымыздың Матч-орталығы бөлімінде жарияланған.

Сонымен, Азияның іріктеу додасы аяқталып, алдағы Әлем чемпионатына Азия мен Мұхит жағалауларынан баратын 8 құрама да анықталды. Оған бүкіләлемдік біріншіліктің қожайындары Қытай құрамасымен бірге Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Иран, Оңтүстік Корея, Филиппин және Иордания баскетболшылары қатысатын болды. 2019 жылғы әлем чемпионатының алдында енгізілген, FIBA-ның жаңа ережелері бойынша, әрбір құрлықтағы барлық құрама командалар екі дивизионға бөлінген. Әлем чемпионатының негізгі іріктеу додалары өткен А дивизиондарында 16 үздік құрама ойнайды. Тек Еуропада 32 бақ сынайды. А дивизионының екінші іріктеу сатысына өте алмаған командалар В дивизионындағы үздік командалармен додаға түсіп, 16 үздік (Еуропа үшін 32 үздік) құраманың сапына оралуға тырысады. Қазақстан құрамасы екінші електік кезеңге өткендіктен, енді Азияның келесі іріктеу додасында бірден А дивизионына бақ сынайды. Осы ретте айта кетейік, 2023 жылғы әлем чемпионаты Жапония, Индонезия және Филиппин елдерінде өтеді.
Баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионаты — FIBA туы астында өткізілетін, баскетболдан ерлер (ұлттық құрамалар) арасындағы 18-ші әлем чемпионаты. FIBA комиссиясы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Қытайда өтетін болып бекітілген.

Әлем чемпионатының финалдық додасына қатысу үшін әр елдің ұлттық құрамасына өз аймағындағы іріктеу додаларынан өтуге тура келеді. FIBA ұйымында бес құрлықтық аймақ бар: FIBA Америка, FIBA Еуропа, FIBA Африка, FIBA Азия және FIBA Мұхит жағалаулары. Бірақ қазір Азия мен Мұхит жағалаулары баскетбол турнирлерін бірге өткізеді. Сонымен қатар, ұлттық құрамалар ресми рейтингінен FIBA Мұхит жағалаулары алынып тасталған. Әрі бұл аймақтың барлық құрамалары Азия рейтингіне енгізілген. Сонымен, әлем чемпионатының іріктеу додасына төрт географиялық аймақтан (Америка, Еуропа, Африка және Азия/Мұхит жағалаулары) 80 ұлттық құрама қатысады. Қытай, ұйымдастырушы ел ретінде, әлем чемпионатына автоматты түрде өткен. Бірақ, соған қарамай, Азияның іріктеу додасына қатысып жүр. Әлем чемпионаты жолдамалары бірінші рет бір елде өтетін құрлықтық біріншіліктерде емес, әр елдің өз алаңында өтетін ойындар негізіндегі толыққанды іріктеу циклінде сарапқа салынып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы бірінші іріктеу сатысының қорытындысы бойынша, D тобында екінші орынға ие болып, әрі 9 ұпай еншілеп, Азияның екінші електік сатысына өткен болатын. Өз топтарында соңғы орынға ие болған командалар іріктеу додасынан тыс қалған. Ал бірінші іріктеу сатысындағы төрт топ, екіншісінде алты командадан екі топқа жіктелді. Осылайша, B және D топтары F тобын құрады. Екінші іріктеу сатысындағы біздің қарсыластарымыз Австралия, Филиппин және Жапония құрамалары болды. Бірінші іріктеу сатысындағы ойын нәтижелері екіншісінде есепке алынады. Осыған байланысты, біздің құрама Иран және Катар баскетболшлармен кездеспейді. Командалар өзара екі матчтан өткізеді – үйде және түзде. Тек бірінші іріктеу сатысында жолдары түйіспеген командалармен кездеседі.

Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасының 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасына қатысқаны жайлы толық ақпараттар біздің сайтымыздың Құрамалар бөлімінде жарияланған.

ҚР ҰБФ және баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Бас демеушісі — «Медикер Спорт» компаниясы. Серіктері — «GB Media Consult» маркетингтік агенттігі және «Kinopark Theatres» кинотеатрлар жүйесі. Ұлттық Олимпиада КомитетіМәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігі қолдауымен.