Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу додасында Австралия баскетболшыларынан ұтылды

22.02.2019, 08:00    Оқылғаны: 253
Дереккөз: NBF RC
Автор: Игорь Свирипа
Баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасындағы соңғы ойындарын өз алаңында өткізетін Қазақстан құрамасы соның біріншісінде Австралия «бумерлерінен» есе қайтара алмады.

Соңғы екі ойынның алдында, «Ұлы дала арландарында» 2019 жылғы Әлем чемпионатының жолдамасына қол жеткізу мүмкіндігі болған еді. Бірақ ол үшін қалған екі матчта да жеңіске жету қажет болатын. Алайда осы екеуінің біріншісіндегі қарсыласымыз өте азулы құрама еді. Атап айтқанда, Азияның қазіргі чемпионы, қысқасы, баскетболы қарыштап дамыған ел – Австралия. Мәселен, австралиялықтар FIBA рейтингінде аса жоғары, 10-шы орынды, ал Азияда 1-ші орынды иемденіп тұр. Салыстыру керек болса, Қазақстан әлемде 70-ші, ал Азия құрлығында 13-ші орындарға орналасқан. Осы рейтингті ескерсек, Қазақстан құрамасының жеңіске жету ықтималдығы аса жоары емес еді. Оның үстіне, «Жасыл құрлық» өкілдері – біздің тобымыздың бірден-бір көшбасшысы. Ойынға екі күн қалғанда «бумерлердің» құрамы белгілі болды. Бұл біздің құрама үшін жағымды жаңалық еді. Өйткені Астанаға Австралия баскетболының жарық жұлдыздары келген жоқ. Әйтсе де, бұған қарамастан, австралиялықтардың қарымды екеніне күмән келтіруге болған жоқ. Егер де біздің құрама сапындағы өзгеріске тоқталар болсақ, онда бұл ретте, Энтони Клеммонстың ұлттық құрамамыздың сапында алғашқы ойынын өткізгенін, бөле-жара атап өтуге болады. Ал негізгі құрамдағы ойыншыларымыздың бірі Максим Марчук матчқа бір-екі күн қалғанда тобығын жарақаттап алып, бұл ойында хаттамаға тіркелген жоқ. Бұдан бөлек, австралиялықтардың бойлары әлдеқайда биік екендігін де атап өтуге болады. Австралия құрамасындағы ойыншылардың жартысының бойы екі метрден асып түседі, екеуі тіпті 2,10 және 2,11 метр болды. Ал біздің құрама мұндай бойшаң жігіттерімен мақтана алмайды. Сондықтан шығыршық түбіндегі додада және одан қайтқан допты қағып алуда қарсыластарымыз айтпаса да басымдық танытты.



Доп ортада лақтырылғанда, оны Дмитрий Гаврилов іліп әкетті. Бірақ біздің құрама алғашқы шабуылында есеп аша алмады. Алайда австралиялықтар да оған асықпады. Осылай бір жарым минут бойы есеп ашылмай, ақыры біздің құраманың ойыншысы Николай Бажин бірден үш ұпайлық добын дәл түсірді. Бұл «бумерлерді» осып жібергендей болды. Осыдан кейін олар көсіле сілтеді. Сөйтіп, есеп ұлғая бастады. Әу баста қазақстандықтар алда болды. Бірақ австралиялықтар да қалыспай, бір кезде таразы басын теңестірді. Бұдан кейін біздің команда оларды қуып жетуге тырысып, ылғи есепті теңестірумен болды. Алайда бірінші кезеңнің соңғы минуттарында қонақтар өз дегендеріне жетіп, ұпай айырмасын біршама алшақтата түсті. Әрі алғашқы 10 минуттықта 20:27 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезең екі құрама үшін де соншалықты нәтижелі болмады. «Жасыл құрлық» өкілдері бірінші шабуылдарында-ақ екі ұпай олжалады. Ал қазақстандықтар болса, бір минуттан кейін ғана, Энтони Клеммонстың арқасында алғашқы ұпайларын еншіледі. Бұдан кейін біздің ойыншылар допты шығыршыққа түсіре алмай дал болды. Мүлт кету жиіледі. Австралиялықтар да мергендіктерімен мақтана алмады. Десек те, есеп айырмасын 5 ұпайға ғана ұлғайтты. Сонда бәрі 12 ұпай болды. Алтыншы минутта Энтони Клеммонс қазақстандықтардың ұпайсыз өткізген іркілістерінің тамырына балта шапты, ақыры. Осы кезеңнің қалған уақытында екі команда да көп қателесіп, лақтырған доптарын дөп түсіре алмай, жаза басты. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы ойынның бірінші жартысында 11 ұпай айырмасымен ұтылды – 28:39.



11 ұпай айырмасы еңсе түсірерліктей жағдай емес еді, оның үстіне, біздің команда тек допты шығыршыққа дөп түсіруден ғана есе жіберіп алды. Егер қазақстандықтардың мүлт кеткен соққыларының көбісі дәл түскенде, онда есеп айырмасы мұндай болмас та еді… Өкінішке қарай, үшінші кезеңде де доп шығыршыққа сол күйі «түспей» қойды. Біздің құрама үшінші кезеңнің бірінші жартысында небәрі 5 ұпай ғана еншіледі. Ал австралиялықтар болса, есеп айырмасын 15 ұпайға дейін ұлғайта түсті. Бұл кезеңнің екінші жартысында да Ренатаса Курилонокас шәкірттерінің ойындары үйлеспеді. Қонақтардың шығыршығына доп салу қиямет-қайым болды. Ал «буммерлер» болса, мұны пайдаланып, өз гандикаптарын одан әрі ұлғайта берді. Осылайша, үшінші кезең Қазақстан құрамасының 20 ұпай айырмасымен ұтылуымен тәмамдалды – 36:56. Ал жеңіс алыстай берді, алыстай берді. Төртінші кезеңнің басы да көрермендерді желпіндірмеді. Соңғы кезең басталған бетте Энтони Клеммонс екі ұпай салғанымен, қазақстандық команда екі жарым минут бойы шығыршыққа доп түсіре алмады. Біздің ойыншылар қонақтарының шығыршығын не «дуалап» қойғанын түсініп болғанша, австралиялықтар «+30» санына да жетіп үлгерді. Ақыры Австралия құрамасы шығыршығының «құлпы бұзылды», қазақстандық ойыншылар ұпай еншілей бастады. Алайда қонақтар қара үзіп кеткен болатын, әрі ойынның аяқталуына жеті минуттан да аз қалған еді. Әйтсе де, Қазақстан ойыншылары есепті қысқартуға тырысты. Әрі шамамен үштен бір  бөлігіне дейінін қысқартты. Бірақ «–20» айырмасынан азайтудың сәті мүлдем түспеді. Сөйтіп матч «Жасыл құрлықтан» келген баскетболшылардың жеңісімен аяқталды – 60:81.



Энтони Клеммонс ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчында нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Біздің құраманың барлық ұпайының жартысынан көбін сол салды. Өкінішке қарай, оның жоғары деңгейдегі ойын өрнегі де біздің құраманың мақсатына жетуіне көмектеспеді. Егер жеңіліс себептерін талдап, командалық көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, онда шығыршықтан қайтқан допты қағып алудағы айырмашылық көзге бірден ұрады: Қазақстан құрамасында – 29, ал Австралияда – 48. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, австралиялық ойыншылардың бойлары әлдеайда биік, сондықтан олардың бұл көрсеткіштері жоғары болуы тиіс еді. Десек те, бұл басымдық тым алшақтау сияқты. Қызық болғанда, австралиялықтар бойшаң болса да, олар бірде-бір блокшот жасай алмады. Ал қазақстандықтар болса, төрт рет қонақтарының соққыларына тойтарды. Нәтижелі пас беруден «бумерлер» асып түсті – 11/16. Сондай пастарды «қиып» алудан біздің жігіттер көзге түсті – 8/5. Әрі Қазақстан құрамасы доптан айырылып қалу көрсеткіші жағынан да әлдеайда үздік шықты – 7/19. Сонымен қатар, «Ұлы дала арландары» ойын ережесін азырақ бұзды – Қазақстан 13 фол, ал Австралия 19 фол алды. Егер осы көрсеткіштерді шартты түрде қосар болсақ, онда Қазақстан құрамасының жағдайы доптан айырылу, блокшот және допты «қиып» алу бойынша допты қағып алу мен пас берудегі ағаттықтарын жабуы керек еді. Ендеше, екі команда мейілінше тең дәрежеде ойнады деуге болады. Бірақ 20 ұпай айырмасымен ұтылудың маңызды бір себебі бар сияқты, ол анық көзге ұрып тұрған жоқ. Біздің құраманың бас бапкері австралиялықтардың біздің ойыншылардан бойшаң екендерін және шығыршық түбінде тайталасу айтарлықтай нәтиже бермесін біліп, алыстан шабуылдауға иек артты. Мұны Қазақстан құрамасы бұған дейінгі ойындарда ұтымды түрде қолданып жүрген болатын. Бірақ бүгінгі ойында бұл тактика жүзеге аспады. Басында қазақстандық ұжым алыстан шабулдап, тәп-тәуір орындап, бірнеше ұпай еншілеген болатын. Бірақ одан кейін қонақтар шығыршықтарын «бетондап» тастағандай әсер етіп, біздің сұрмергендеріміз мүлт кетіп, допты діттеген «нүктелеріне» түсіре алмай қойды. Әсіресе, екінші және үшінші кезеңдерде қара терге түсті. Бүгінгі жеңілісіміздің себебі – дәл осы допты дөп түсіре алмай, пұшайман болуымызда. Екі ұпайлық соққылармыз 35% дәлдікпен орындалды. Ал австралиялықтарда – 60%; «үш ұпайлықтардың» жүзеге асырылуы – 27%, қонақтармен салыстырсақ – 42%; бүгін айып соққыларын да әдеттегідей орындай алмадық: Қазақстан – 61% және Австралия – 85%. Яғни, тоқ етерін айтар болсақ, бүгін біздің команданң лақтырған доптары «ұшпай қойды» деуге болады.

Матчтың үздік ойыншылары:
  • Қазақстан — Энтони Клеммонс (31 ұпай, 3 пас және 4 рет допты қиып әкетті), Николай Бажин (7 ұпай, 3 рет доп қағып алды және 2 пас) және Рустам Ерғали (10 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 2 пас)
  • Австралия — Исаак Хэмфрис (17 ұпай және 7 рет доп қағып алды), Митч Криик (12 ұпай және 5 пас) және Джок Ландаль (10 ұпай және 5 рет доп қағып алды)

Матчтың үздік сәттері:
 

Қарсылас команда және матч жайлы толық ақпараттар, статистика, жаңалықтар, фото және бейне баяндар сайтымыздың Матч-орталығы бөлімінде жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, жексенбі күні, 24 ақпанда «Ұлы дала арландары» 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы соңғы ойынын өткізіп, өз алаңында Филиппин құрамасын қабылдайды. Бұл елдің баскетболшыларымен 30 қараша күні Манилада өткен бірінші матчта біздің жігіттер жанкештілік танытып, жеңіске жеткен болатын – 88:92. Матчтың басталуы – Астана уақытымен 20:30-да. Билеттердің онлайн сатылымы – Ticketon.kz сайтында.

Матч Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Алаңдағы трибуна билеттерінің бағасы – 3 000 теңге (билеттің бағасына Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасы символикасы бар эксклюзивті жейде кіреді).
Баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионаты — FIBA туы астында өткізілетін, баскетболдан ерлер (ұлттық құрамалар) арасындағы 18-ші әлем чемпионаты. FIBA комиссиясы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Қытайда өтетін болып бекітілген.

Әлем чемпионатының финалдық додасына қатысу үшін әр елдің ұлттық құрамасына өз аймағындағы іріктеу додаларынан өтуге тура келеді. FIBA ұйымында бес құрлықтық аймақ бар: FIBA Америка, FIBA Еуропа, FIBA Африка, FIBA Азия және FIBA Мұхит жағалаулары. Бірақ қазір Азия мен Мұхит жағалаулары баскетбол турнирлерін бірге өткізеді. Сонымен қатар, ұлттық құрамалар ресми рейтингінен FIBA Мұхит жағалаулары алынып тасталған. Әрі бұл аймақтың барлық құрамалары Азия рейтингіне енгізілген. Сонымен, әлем чемпионатының іріктеу додасына төрт географиялық аймақтан (Америка, Еуропа, Африка және Азия/Мұхит жағалаулары) 80 ұлттық құрама қатысады. Қытай, ұйымдастырушы ел ретінде, әлем чемпионатына автоматты түрде өткен. Бірақ, соған қарамай, Азияның іріктеу додасына қатысып жүр. Әлем чемпионаты жолдамалары бірінші рет бір елде өтетін құрлықтық біріншіліктерде емес, әр елдің өз алаңында өтетін ойындар негізіндегі толыққанды іріктеу циклінде сарапқа салынып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы бірінші іріктеу сатысының қорытындысы бойынша, D тобында екінші орынға ие болып, әрі 9 ұпай еншілеп, Азияның екінші електік сатысына өткен болатын. Өз топтарында соңғы орынға ие болған командалар іріктеу додасынан тыс қалған. Ал бірінші іріктеу сатысындағы төрт топ, екіншісінде алты командадан екі топқа жіктелді. Осылайша, B және D топтары F тобын құрады. Екінші іріктеу сатысындағы біздің қарсыластарымыз Австралия, Филиппин және Жапония құрамалары болды. Бірінші іріктеу сатысындағы ойын нәтижелері екіншісінде есепке алынады. Осыған байланысты, біздің құрама Иран және Катар баскетболшлармен кездеспейді. Командалар өзара екі матчтан өткізеді – үйде және түзде. Тек бірінші іріктеу сатысында жолдары түйіспеген командалармен кездеседі.

Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасының 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасына қатысқаны жайлы толық ақпараттар біздің сайтымыздың Құрамалар бөлімінде жарияланған.

ҚР ҰБФ және баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Бас демеушісі — «Медикер Спорт» компаниясы. Серіктері — «GB Media Consult» маркетингтік агенттігі және «Kinopark Theatres» кинотеатрлар жүйесі. Ұлттық Олимпиада КомитетіМәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігі қолдауымен.