«Астана» «Атырау Барыстарынан» тағы да басым түсті

15.01.2019, 10:00    Оқылғаны: 376
Дереккөз: ҰБФ ҚР
Автор:
14 және 15 қаңтар күндері «Астана» баскетбол клубы «Атырау Барыстарымен» екінші рет кездесіп, Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасындағы кезекті ойындарын өткізді.
 
«Атырау Барыстары» биылғы маусымдағы «Астанамен» өткен алғашқы екі ойында намысты қолдан бермеген болатын. Бірақ содан бері атыраулықтардың құрамы едәуір өзгерген, әйтсе де, ақ-жасыл жейделілер осы жолғы екі матчта да тайталасып бақты.
 
Бірінші матч: Ойынның алғашы екі ширек бөлігі тең дәрежеде өтті. Тек «Астана» ойыншысының соңғы лақтырған үш ұпайлық добы шығыршыққа дөп түсіп, алаң иелері алға шықты – 34:31. Ал үшінші кезең басталған бетте астаналықтар көсіле сілтеп, шабуылды күшейтті. Сөйтіп, бұл кезеңде он ұпай айырмасымен алға шықты. Бірақ «Барыстар» берілмеді, соңғы кезеңде сауатты ойын үлгісін көрсетіп, матч соңына дейін есеп айырмасын төрт ұпайға дейін қысқартты. Алайда одан әріге шамалары жетпеді. Ал «Астанаға» бұл жеңіс оңайлықпен келмеді. Есеп – 82:74.
 
Екінші матч: Бірінші кезеңде алаң иелері отыз ұпай еншілеп, алғашқы он минуттан кейін екі таңбалы сан айырмасымен қара үзіп кетті. Матчтың екінші ширек бөлігі терезесі тең дәрежеде өтті және тең есеп тіркелді. Яғни ойынның бірінші жартысы сол екі таңбалы сан айырмасымен аяқталып, «Астана» алда тұрды – 52:41. Үшінші кезеңде қонақтар таразы басын теңестіруге тырысты, бірақ бәрі де бос әуре болып, жеті ұпай айырмасымен ұтылып қалды. Төртінші кезеңде елорда баскетболшылары өздерінің деңгейлері жоғары екендігін дәлелдеп, кезекті ірі жеңістеріне қол жеткізді – 96:77.

Ең көп ұпай жинағандар: бірінші ойынның үздік ойыншысы Александр Жигулин болды. Ол бәрінен де көп ұпай еншілеп қана қоймай, үшінші кезеңнің басында «Астана» дәл осы ойыншының арқасында серпіліс жасады. 
Екінші матчтың үздік ойыншысы ретінде, сөз жоқ, Энтони Клеммонсты атауға болады. Оған трипл-дабл тіркеуге бір ғана нәтижелі пас жетпеді (18 ұпай, 13 рет допты қағып алды, 9 пас және 3 рет допты «қиып алды»).
 

«Астана» келесі кездесуін алдағы жексенбі күні өткізеді. 20 қаңтар күні елордалықтар Красноярскіге қонаққа барып, онда ВТБ Бірыңғай лигасы аясында жергілікті «Енисей» баскетбол клубымен додаға түседі.
 
Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы келесі екі матчтық кездесулерін өз алаңында өткізеді. 23 және 24 қаңтар күндері елорда баскетболшылары «АМУ Атырау Барыстары» командасын қабылдап, тағы да екі мәрте додаға түседі.
 
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»