«Астана» Ұлттық лигада қарсылас шақ келтірер емес

11.01.2019, 08:00    Оқылғаны: 251
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
9 және 10 қаңтар күндері «Астана» баскетбол клубы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасында, жаңа жылдағы алғашқы матчтарын өткізді. Елордаға «Синегорье» баскетбол клубы қонаққа келді.

Бұл екі команданың биылғы маусымдағы үшінші және төртінші ойындары болатын. Алғашқы екі матч 1 және 2 қараша күндері өтіп, екеуінде де «Астана» айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.

9 қаңтарда, ойын басталған бетте «Астана» көсіле шауып, матч аяқталғанша дес берген жоқ. Біздің команда әрбір минут сайын ұпай айырмасын ұлғайта берді. Алаң иелері нәтижелі және өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, бұл ойында қарсыластарының шығыршығына жүз ұпайдан артық салды. Сөйтіп, қонақтарын ойсырата жеңді. Есеп – 101:60.

10 қаңтар күнгі ойын да тура осылай өтті деуге болады. «Астана» бастан-аяқ үстемдік құрып, Көкшетаудан келген қонақтарын тағы да күйрете жеңді. Әрі осыдан бір күн бұрынғы матчтың есебі қайталанды деуге де болады – 101:58.

Бірінші ойында, яғни 9 қаңтар күні өткен матчта, ең көп ұпай жинағандар Рустам Ерғали, Николай Бажин және Стефен Холт болды. Ал 10 қаңтарда нәтижелі ойын өрнегін көрсеткендер – Майкл Дженкинс, Александр Жигулин және Кеннет Хортон.

 

«Астана» келесі ойынын алдағы сенбі, яғни 12 қаңтар күні өз алаңында өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Қазанның УНИКС клубын қабылдайды. Басталуы – Астана уақытымен 15:00-де. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шықты.

Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы келесі екі матчтық кездесулерін де өз алаңында өткізеді. 14 және 15 қаңтар күндері елорда баскетболшылары Атырау «Барыстарымен» тағы да екі мәрте додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері
Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»