«Нижний» «Астананың» жеңісті шеруін тоқтатты

06.01.2019, 23:00    Оқылғаны: 72
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Нижний Новгород» клубы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 85:78 (21:21, 29:14, 21:19, 14:24).

Көшбасшылар үштігіне ентелеген «Астана» Нижний Новгородқа бесінші рет қатарынан жеңіске жетуді көздеп келген. Оның үстіне, астаналықтар биылғы маусымда соңғы рет, қараша айында, дәл осы «Нижний Новгород» клубынан ұтылған болатын. Сондықтан есе қайтарғылары келгені белгілі еді. Алайда алаң иелері жанкештілік танытып, бірден көсіле шапты. «Астананың» жойқын шабуылы (бұл көрсеткіші жағынан Лигадағы үшінші команда) нижегородтықтар бар күш-жігерлерімен қыспаққа алғанда, қожырап қалды. Екінші 10-минуттықта «Нижний» тіпті екі есе басымдықпен үстем түсті – 29:14.

Рас, үзілістен кейін Қазақстан командасы осы ойынның фавориті екенін еске салып, 11:2 есебімен серпіліс жасады. Әрі есеп айырмасын біршама қысқартты. Алайда Иван Стребковтың, Илья Поповтың және Евгений Бабуриннің дөп түсірген доптарынан кейін «Нижний» қайтадан екі таңбалы басымдықпен қара үзді. Сөйтіп, олар ойынның соңғы кезеңі алдында 71:54 есебімен алға шықты.

Әйтсе де, қонақтар соңғы күш-жігерлерін жұмсап, алға қарай лап қойды. Бұған Джей Джей О’Брайеннің нәтижелі ойыны (осы кезеңде 10 ұпай еншіледі) ықпал етті. Оның кезекті рет дөп түсірген добынан кейін есеп айырмасы небәрі «-6» ұпайға дейін қысқарған – 78:72. Бірақ ойынның аяқталуына бір минут қалғандағы Кристофер Чераповичтің үш ұпайлық соққысы Эмиль Райковичтің командасын жеңіске жету мүмкіндігінен түпкілікті айырды. Қонақтар қалған уақытта 2 ұпай ғана еншіледі. Сөйтіп, «Нижний Новгород» жеңістері саны бойынша «Калев» және «Автодор» клубтарымен теңесті. «Астана» болса, биылғы маусымда бірінші рет түзде жеңіліске ұшырады.

 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Нижний Новгород»: Кристофер Черапович (27 + 6 рет допты қағып алды), Кендрик Перри (14 + 6 рет допты қағып алды + 8 пас), Иван Стребков (11 + 6  пас), Илья Попов (10).
  • «Астана»: Джей Джей О’Брайен (25 + 8 рет допты қағып алды), Энтони Клеммонс (14 + 7 рет допты қағып алды + 5 пас), Майкл Дженкинс (11), Джеффри Гросселл (11 + 5 рет допты қағып алды).

«Нижний Новгород» клубының бас бапкері Зоран Лукич:
— Мен бұл сөзді өте сирек айтамын, бірақ бүгін өз командама айтарым: «Жарайсыңдар!» Бұл – менің бүгінгі ойын туралы айтар бар сөзім. Жаңа жыл мерекелерінде бізге қолдау көрсетуге келген жанкүйерлерімізге бөле-жара алғыс білдіргім келеді. Біз үшін бұл – өте маңызды.


«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Нижнийді» жеңісімен құттықтаймын. Шынымен де олар бүгін бізден асып түсті. Бұл ойынды біз матчтың бірінші бөлігінде-ақ, қарсыласымызға 50 ұпай еншілеуге мүмкіндік беріп алғанда-ақ, ұтылып қалдық деп ойлаймын. Ойынның екінші жартысында есе қайтаруға тырыстық, екі рет тіпті 6 ұпай айырмасына дейін жақындай түстік. Бірақ матчтың төртінші ширек бөлігінің соңында жаза басып, доптан айырылып қалдық. Бұдан кейін біз үшін ойын аяқталды, қуып жету мүмкін емес еді. Біз қуып жетуге айналған сәттерде «Нижнийдің» ауыр соққылары өтіп кетті. Әсіресе Чераповичтің лақтырған доптары дөп түсті. Ол бүгін тамаша ойын өрнегін көрсетті – 10 рет лақтырған үш ұпайлық соққыларының 6-ауын дәл түсірді. Біздің соңғы ойынымыздан бері біршама уақыт өткен болатын. Сол да бүгінгі ойынға әсер етті. Енді осы жеңілісімізден кейін сабамызға түсіп, бәрін де саралап шығып, келесі кездесуге дайындалу керек.

   
Елорда командасы келесі ойындарын өз алаңында өткізіп, 9 және 10 қаңтар күндері Көкшетаудың «Синегорье» баскетбол клубымен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түседі.

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі кездесуін де өз алаңында өткізеді. 12 қаңтар күні елорда баскетболшылары Астана төрінде Қазанның УНИКС клубын қабылдайды. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.