«Астана» Саратов саңлақтарын қабылдайды

21.12.2018, 20:00    Оқылғаны: 52
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Алдағы жексенбіде, яғни 23 желтоқсан күні, елорда баскетбол клубы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасының 2018/2019 жылдар маусымындағы алтыншы ойынын өткізеді. Бұл жолы «Астана» Саратовтың «Автодор» клубымен додаға түседі.

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
  • Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
  • А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
  • Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
  • Суперлига чемпионы – 2013/2014
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013
 
Өткен кездесулер хроникасы: «Автодор» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2014 жылдан бері ойнап келеді. ВТБ лигасына қосылғанша, саратовтықтар Ресей суперлигасында өнер көрсетіп, бірнеше рет жүлдегер және чемпион атанған. «Астана» – «Автодор» арасындағы екеуара кездесулерге тоқталсақ, екі команда алаңда 8 рет кездесіп, оның 4-еуінде Қазақстан командасы жеңіске жетті. Өткен маусымда Саратов баскетболшыларымен өткен ойындар өте тартысты болып, екеуінде де елордалықтар есе жіберіп алды. Саратовтағы матч шектен тыс шиеленісті өтіп, екі овертаймға созылды. Өкінішке қарай, соңғысында «Автордың» айы оңынан туып, бағы жанды (92:86). Астанада өткен матчта да саратовтықтар жеңіске жетіп, плей-оффқа шықты.

Қазіргі жағдай: Биылғы маусымда Саратов командасының тізгінін Сергей Мокин қолына алған болатын. Бірақ үш рет қатарынан жеңілген соң, «Автодордың» бас бапкерлік қызметін босатып, отставкаға кетті. Қараша айында бас бапкерлік қызметке серб маманы Душан Алимпиевич бекітілді.
Сөз жоқ, команданың көшбасшылары – америкалық легионерлер, сонымен қатар, клубқа жаңадан қосылған серб шабуылшысы Борис Савович. 
 
Турнир кестесі: «Автодор» баскетбол клубы 4 жеңіс және 5 жеңіліспен 7- орынға орналасқан. Ал елорда командасы 9 ойында 6 рет жеңіске жетіп, 4-орынды иеленіп тұр.
 
«Астана» БК бас бапкері Эмиль Райкович: «Автодор» – талантты ойыншылары көп команда. Олар пик-н-роллдарды және оқшаулау («айзо») әдісін көп қолданады. Олардың бас бапкері өзгерді және Польшаның «Зелёна-Гура» командасынан Борис Савович жаңадан қосылды. Соңғы ойындардағы нәтижелеріне қарап, баға берер болсақ, олар қазір спорттық баптарына келген. Алдағы ойында бізге 40 минут бойы қорғаныста да, шабуылда да жоғары қарқында ойнап, ВТБ лигасының Жаңа жыл қарсаңындағы үзілісіне дейінгі маңызды матчта жету қажет болады.

Матч 23 желтоқсан күні «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 15:00-де. Билеттердің онлайн сатылымы –Ticketon.kz сайтында.

Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде және «QazSport» телеарнасы эфирінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.