«Астана» түзде «Алматы легионын» екі рет тізе бүктірді

21.12.2018, 08:00    Оқылғаны: 272
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Алматыда баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында кезекті ойындар өтіп, елорда баскетбол клубы екі күнгі матчта да жергілікті «Алматы Легионы» командасынан басым түсті.

Астаналықтар жеңіске жеткенімен, бірінші күнгі ойын өте шиеленісті болды. Алаң иелері «Астанамен» тайталасып, доп додасы өте тартысты өтті. Матчтың басынан аяғына дейін алматылықтар қонақтарына дес берген жоқ. Тек соңғы 10-минуттықта ел чемпионы +10 ұпай айырмасымен алға шықты. Бұдан кейін «Алматы Легионына» қуып жету мүмкін болмады. Матч 80:90 есебімен аяқталып, «Астана» жеңіске жетті.


Ойынның үздік ойыншылары: Энтони Клеммонс 19 ұпай еншіледі, Вадим Щербак команда қоржынына 12 ұпай, ал Александр Жигулин мен Дмитрий Гаврилов 11 ұпайдан салды. 

Екінші күнгі матч мұның алдындағыдай аса тартысты болмады. Эмиль Райковичтің шәкірттері бірден алға шығып, көсіле сілтеді. Әрі алаң иелерінің шығыршығын үнемі нысанаға алумен болды. Ойынның бірінші жартысы аяқталғанда, таблодағы есеп 27:39 болып, «Астана» алда тұрды. Үлкен үзілістен кейін де алаң иелері қонақтарын тоқтата алмады. Астаналықтар әрбір шабуылдары сайын есепті ұлғайта берді. «Алматы Легионы» оларға төтеп бере алмай, ірі есеппен ұтылды. Есеп – 58:80, «Астана» тағы да басым түсті.

Ойынның үздік ойыншылары: Александр Жигулин – 16 ұпай және Кеннет Хортон – 13 ұпай.
 

«Астана» келесі ойынын алдағы жексенбі күні, яғни 23 желтоқсанда өз алаңында өткізеді. Астаналықтар ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Саратовтың «Автодор» баскетбол клубын қабылдайды. Басталуы – Астана уақытымен 15:00-де. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Ал Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы келесі екі матчтық кездесуін енді тек Жаңа жыл мерекесінен кейін өткізеді. 9 және 10 қаңтар күндері елорда баскетболшылары Көкшетаудың «Синегорье» командасымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»