Энтони Клеммонс Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғайды

15.12.2018, 08:00    Оқылғаны: 318
Дереккөз: NBF RC
Автор:
Америка баскетболшысы, «Астана» Президенттік баскетбол клубының қорғаушысы Энтони Клеммонс Қазақстан азаматтығын алып, ерлер арасындағы еліміздің ұлттық құрамасы сапында ойнау құқығына ие болды.
 
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында, яғни 2018 жылғы 13 желтоқсанда ҰБФ президенті Димаш Досанов ұлттық құраманың жаңа ойыншысына Қазақстан төлқұжатын табыс етті.
 
Аталған ойыншыға еліміздің азаматтығын алып беру туралы шешім Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясы басшылығымен қабылданған болатын. Мақсат – 2019 жылғы Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасы аясындағы, өз алаңымызда өтетін соңғы ойындар алдында ұлттық құраман сапын күшейту. 21 ақпан күні Астанаға «F» тобының көшбасшысы, яғни Австралия құрамасы келеді. Бұл елдің құрамасымен біздің баскетболшылар 17 қыркүйек күні кездескен болатын. «Жасыл құрлықта» өткен матчта «бумерлер» айқын басымдықпен жеңіске жеткен-ді – 94:41. Ал 24 ақпан күні «Ұлы дала арландары» Филиппин құрамасын қабылдайтын болады. Бұл елдің баскетболшыларымен 30 қараша күні Манилада өткен бірінші матчта біздің жігіттер жанкештілік танытып, жеңіске жеткен болатын – 88:92.
 
Алдағы екі ойын да біздің құрама үшін мүлдем оңай болмайды. Бірақ екеуінде де жеңіске жетіп, бүкіләлемдік біріншілікте бақ сынау құқығына қол жеткізуге болады. Үміт бар. Мәселен, ұлттық құрамамыздың Филиппин баскетболшыларын түзде жеңгендерін ескерсек, онда өз жерімізде де басым түсуіміз керек деген үмітіміз зор. Ал Австралия құрамасымен өтетін матч біздің жігіттер үшін ең басты және маңызды сын болғалы тұр. Дәл осы ойында жеңіске жету үшін Клеммонстың шеберлігі мен шымырлығы, төзімділігі мен тамаша соққылары қажет-ақ.         

Энтони ұлттық құрама сапындағы алғашқы жаттығуын 2019 жылғы ақпан айында өтетін іріктеу матчтары алдында өткізеді. Ол ұлттық құрама сапына бірден тастай батып, судай сіңіп кетеді деген болжам басым. Өйткені біздің құраманың негізін «Астана» Президенттік баскетбол клубының ойыншылары құрайды.



ҰБФ президенті – Димаш Досанов: »Шетелдік ойыншыға азаматық алып беру – тек баскетболда емес, қазіргі заманда басқа спорт түрлерінде де бар және кең тараған тәжірибе. Әрі тек клубтар арасында ғана емес, ұлттық құрамалар деңгейінде де қолданылып келеді. Үміттің ақталатыны дәлелденген. Мысал ретінде, Жапония құрамасының сапындағы Америка ойыншылары Николас Райан Фазекас пен Айра Браунды атап өтуге болады. Бұл екеуі әлем чемпионатының іріктеу додасында жапондардың жетістігіне сүбелі үлес қосты.
 
Ал Қазақстан баскетболына келер болсақ, легионерлерді ұлттық құрама сапына тарту – өте сирек қолданылатын оқиға. Әлбетте мұндайға тек Әлем чемпионатының жолдамасына таласқан маңызды додалар секілді жауапты сәттерде ғана көңіл бөлінеді. Өйткені деңгейі жоғары шетелдік ойыншының тәжірибесі оның тек жеке көрсеткіштеріның арқасында ғана нәтиже бермейді, тіпті команданың ұжымдық ойынын жетілдіре түседі. Біз Энтонидің барлық кәсіби шеберлігі ұлттық құрамамыздың Әлем чемпионаты жолдамасын жеңіп алуына көмектеседі деп үміттенеміз.»

 
АНЫҚТАМА: Энтони Клеммонс 1994 жылы 15 тамыз күні Лансинг қаласында туған. Мичиган штаты (АҚШ). Энтони баскетболдағы мансабын Айова университетінде бастаған. Онда төрт жыл бойы «Iowa Hawkeyes» (NCAA) командасының сапында ойнаған. Оқуын бітірген соң кәсіпқой деңгейдегі клубқа ауысып, Австрияның «Hallmann-Vienna» командасының намысын қорғаған. Бұл ұжымның сапында 2016/2017 жылдар маусымында өнер көрсетіп, орта есепен әр ойында 18 ұпайдан еншілеп отырған.

2017/2018 жылдар маусымында Энтони Қазақстанға ойысып, еліміздің ұлттық біріншілігімен қатар ВТБ Бірыңғай лигасында өнер көрсететін «Астана» Президенттік баскетбол клубымен келісімшартқа отырды. Әрі елорда командасының белді ойыншысына айналды.
 
Биылғы маусымда Клеммонс клубпен екеуара келісімшарты үш жылға созды. Бүгінде ол ВТБ Бірыңғай лигасының ең тиімді ойыншыларының бірі болып саналады, ал орта есеппен бір ойында еншілеген ұпайларының саны бойынша 2-орынды иемденіп тұр. Оның алдында – тек «Химки» БК жұлдызы Алексей Швед.