Астана баскетболшылары Краснодарда додаға түседі

08.12.2018, 08:00    Оқылғаны: 489
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Ертең, 9 желтоқсан күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін Ресейде өткізіп, Краснодар қаласының «Локомотив-Кубань» баскетбол клубымен додаға түседі.

«Локомотив-Кубань» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015

Өткен кездесулер хроникасы: Краснодар қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында «Локо» ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанып (2012/2013), сонымен қатар 2014/2015 жылдар маусымында қола жүлдеге ие болды. «Астанамен» өткізген екеуара кездесулеріне тоқталар болсақ, екі команда 9 рет кездесті. Оның тек біреуінде ғана «Астана» краснодарлықтардан басым түсті. Атап айтқанда, 2014/2015 жылдар маусымындағы өз алаңында өткен матчта «Локомотив» клубын 81:70 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ былтырғы маусымдағы түзде өткен матчты да бөле-жара атап өтуге болады. Онда Михаил Карпенконың шәкірттері краснодарлықтардан бір ғана ұпай айырмасымен ұтылып (78:79), қызыл-жасыл жейделілерді қара терге түсіріп, жүйкелерін әбден жұқартқан болатын.

Қазіргі жағдай: Соңғы екі маусымда команданы көпшілікке танымал серб маманы Саша Обрадович жаттықтырған болатын. Ал биыл бапкерлер құрамын оның жерлесі Владе Йованович басқарып отыр.
Команда сапы мүлдем өзгерген жоқ десек те болады. Тіпті «Локо» сапына әскери клубтың бұрынғы ойыншысы, баскетболдан Ресей құрамасы көшбасшыларының бірі Виталий Фридзон қосылды.

Турнир кестесі: ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде екі команда бір-бірінің өкшесін басып келеді. Краснодарлықтар 5 жеңіс, 3 жеңіліспен 5-інші орынды иемденіп тұр. Ал «Астана» баскетболшылары олардан бір саты төмен орналасқан, еншілерінде – 4 жеңіс, 3 жеңіліс.

Матч 9 желтоқсан күні Краснодардағы ««Баскет-Холл» аренасында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 19:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде және «QazSport» телеарнасы эфирінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»