«Астана» «Алматы Легионынан» басым түсті

23.11.2018, 10:00    Оқылғаны: 335
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Астанада елорда командасы мен «Алматы Легионы» арасындағы екі матчтық кездесулер аяқталды. Командалар ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түскен болатын.

«Астана» өзінің ел чемпионы деген дардай атағына лайық екенін іс жүзінде тағы да дәлелдеп, биылғы маусымдағы 12 ойында да жеңіке жетті.

Бұл жолы елорда баскетболшылары өз алаңында «Алматы Легионын» қабылдаған болатын. 21 қараша күні өткен ойынның бірінші кезеңінде ғана елорда ұжымы қарсыласының алға шығуына мүмкіндік берді. Алайда қалған кезеңдердің бәрінде «Астана» көсіле сілтеп, үстемдік танытты. Бірінші күнгі ойын 88:44 есебімен аяқталып, «Астананың» айқын басымдығымен аяқталды. Келесі күні де қонақтар деңгейі жоғары «Астанаға» қайрат көрсете алмады. Елорда ойыншылары бір минут та тізгін тартпай, қонақтарын күйрете жеңді. Ойын 96:48 есебімен аяқталды.
 

«Астана» келесі кездесуін түзде өткізеді. 9 желтоқсан күні елорда баскетболшылары Краснодарға барып, онда ВТБ Бірыңғай лигасы аясында жергілікті «Локомотив Кубань» баскетбол клубымен додаға түседі.

Ал Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы келесі екі матчтық кездесуін өз алаңында өткізіп, 11 және 12 желтоқсан күндері Ақтау қаласының «Каспий» баскетбол клубын қабылдайды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»