«Астана» баскетболшылары Латвияда додаға түседі

19.11.2018, 08:00    Оқылғаны: 18
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Бүгін, 19 қарашада, Астана уақытымен 23:30-да, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын түзде өткізіп, Латвияның ВЭФ клубымен кездеседі.

ВЭФ – Латвияның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Рига қаласынан. 1958 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Латвия чемпионы − 2011, 2012, 2013, 2015
  • Латвия чемпионатының күміс жүлдегері –2010, 2014, 2016
  • КСРО чемпионатының қола жүлдегері –1960, 1966, 1991
  • Балтық лигасы кубогының қола жүлдегері – 2012
  • Латвия чемпионатының жартылай финалына шыққан – 2008, 2009

Өткен кездесулер хроникасы: Латвия баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2009 жылдан бері ойнап жүр. ВЭФ үшін ең нәтижелі маусым 2012/2013 жылдар болды. Осы маусымда ВЭФ Латвияның 2012 және 2013 жылдардағы чемпионы атанды. Мұнымен қоса, ригалықтар Еуропа кубогында TOP-16 құрамына енді. Сонымен қатар, ВТБ лигасында үздік сегіздікке ілігіп, плей-офф сатысына шықты. Сол кезде команданы Литва маманы, 2014-2016 жылдары «Астана» клубының бас бапкері болған Рамунас Бутаутас жаттықтырған болатын.
Ал «Астана» мен ВЭФ арасындағы екеуара кездесулерге келер болсақ, екі команда алаңда 14 рет кездесіп, оның бесеуінде астаналықтар жеңіске жетті. Биылғы маусымда «Астана» ригалықтармен бірінші рет кездесіп отыр.

Турнир кестесі: Дәл қазір «Астана» үш жеңіс, үш жеңіліспен турнир кестесінде алтыншы орынды иемденіп тұр. Ал қарсыласы болса, жеті ойын өткізіп, соның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, 14-орынға орналасқан.

Матч 19 қараша күні Ригадағы «Olimpic Sport Center» аренасында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 23:30-да.

Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.