«Астана» Ақтаудан екі жеңіспен оралды

14.11.2018, 08:00    Оқылғаны: 364
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Игорь Свирипа
Ақтаудың «Каспий» клубы ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында өткен, өз алаңындағы екі ойында да «Астана» баскетболшыларын қайратын өткізе алмады.

Жергілікті «Каспий» мен елорданың «Астанасы» арасындағы бірінші матч 12 қараша күні өтті. Екі команданың бірі турнир кестесінің басында, ал екіншісі соңында орналасқан, сондықтан, «Каспий» өз алаңында ойнаса да, жеңіске жетуі екіталай еді. Әрі алаң иелері кіммен (қандай командамен) ойнап жатқандарын түсініп сезінгенше, есеп 0:13 болды. Әйтсе де, олар жанкештілік танытып, кезеңнің аяғына дейін әйгілі қарсыластарымен тайталасып бақты. Алғашқы үш минутта он үш ұпай айырмасымен ұтылып жатса, қалған жеті минутта «Астана» осы басымдығына екі ұпай ғана қосып, матчтың бірінші ширек бөлігін он бес ұпай айырмасымен аяқтады. Екінші кезеңде елорда ұжымы алаң иелеріне мұндай мүмкіндік бермей, үстемдік танытты. Тек осы кезеңнің орта тұсында «Каспий» алты ұпай еншілеп, матчтың екінші ширек бөлігінде осымен ғана шектелді. Ал «Астана» қарсыласынан жиырма ұпай артық еншілеп, кездесудің бірінші жартысынан соң алға ұзап кетті – 17:52.

Қызық болғанда, үшінші кезең алғашқы екеуіне қарағанда тең дәрежеде өтті. «Каспий» баскетболшылары шабуылда батылырақ қимылдап, бірнеше ұпай еншіледі. Бірақ, әрине, азулы қарсыластарынан бәрібір асып түсе алмады. «Астана» өз мүмкіндігін мүлт жібермей, ұпай қорын молайта түсті. Сөйтіп, «Каспий» үшінші кезеңде алғашқы екеуіндегіні қосқандағы шамада ұпай еншіледі, ал ел чемпионы есеп айырмасына тағы жеті ұпай қосып, ұзай түсті. Нақтырақ айтқанда, осы кезеңдегі ұпайы қырықтан асып кетіп, қырық екі болды. Соңғы кезеңде де «Астана» дес берген жоқ, қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда ширақ қимылдады. «Каспий» матч соңында ұпай қорын әупіріммен қырыққа жеткізді. Ал «Астана» тағы да жүзден асырып, алаң иелерін күйрете жеңді – 40:102. Ертең, 13 қараша күні, Ақтауда «Каспий» мен «Астана» екінші рет кездеседі.



«Каспий» мен «Астана» арасындағы келесі күні, яғни 13 қарашада өткен екінші ойын да ақтаулықтар үшін жеңілістің кермек дәмін татумен аяқталды. Ал «Астана» осы маусымдағы өзінің оныншы жеңісіне жетуі тиіс болатын. Матчтың басында ойын тура осы мәтінде өрбіді. Елорда командасы матчтың бірінші бөлігінде көсіле шауып, алға шықты. Олардың басымдығы ашытқыдай көтеріле берді. «Каспийге» шығыршыққа доп түсірудің өзі қиынға соғып, бірінші кезеңде небәрі төрт ұпай еншіледі. «Астана» болса, он минуттың ішінде жиырма бір ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Екінші онминуттықта алаң иелері ұпай еншілеуді жиілетті. Бірақ «Астанамен» тайталасуға бұл де жеткіліксіз еді. Қонақтар айылдарын жимай, шабуылды үдете түсіп, үлкен үзіліске отыз жеті ұпай айырмасы басымдықпен шықты – 17:54.

Он бес минуттық үзілістен кейін қонақтар қарқындарын бәсеңсітіп, бастапқы екі минутта «Каспий» басым болды. Бірақ «Астана» арқаны кеңге салғанды доғарып, қарқынын қайта үдетіп, қарсыласынан бар жағынан асып түсті. Үшінші кезеңнің қалған уақытында ойын өрнегі өзгерген жоқ, «Астананың» үстемдік құруымен өтті. Төртінші кезеңге дейін алаң иелері қырық бес ұпай айырмасымен ұтылып жатты да, бұл ойынның да ірі есеппен аяқталатындығы белгілі болды. Қонақтар кездесудің соңғы он минутын аса жоғары қарқында өткізіп, алаң иелеріне ешқандай мүмкіндік берген жоқ. «Каспий» төртінші кезеңде шама-шарқына қарай тырысып баққанымен, тағы да ойсырай ұтылды. Елорда командасы кешегі жүз екі ұпай еншілеген жетістігін қайталады, тек өздерінің жіберген доптары біршама аз болып шықты – 35:102. «Астана» биылғы маусымдағы он ойынның бәрінде де жеңіске жетсе, «Каспий» сегізінші рет қатарынан ұтылып отыр.
   

«Астана» келесі кездесуін түзде өткізеді, 19 қараша күні елорда баскетболшылары Латвияға барып, онда жергілікті ВЭФ баскетбол клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында додаға түседі.

Ал Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы келесі қос кездесуін өз алаңында өткізеді, 21 және 22 қараша күндері еліміздің солтүстік астанасының баскетболшылары оңтүстіктік әріптестерін қабылдайды, яғни «Алматы Легионы» баскетбол клубымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»