Минскіде «Астананың» мерейі үстем

20.02.2017, 10:30    Оқылғаны: 1106
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақстанның «Астанасы» бес ойынға созылған жеңілістерінің тамырына балта шауып, түзде Беларусь елінің «Цмоки-Минск» клубын тізе бүктірді – 80:70 (23:15, 21:19, 13:14, 23:22).

«Астана» ойынның бірінші жартысында берік қорғанысы мен Усман Крубалли және Иана Миллер сынды үздік ойыншыларының арқасында 10 ұпай айырмашылығымен алға озды (44:34). Қазақстандықтар ұзақ уақыт бойы осы басымдықты ұстап тұрды, бірақ матчтың төртінші ширек бөлігі басталған соң, үш жарым минуттың ішінде «Цмоки» қарсыластарына екі-ақ ұпай алуға мүмкіндік бергенде, көрермендер қиқуға басты (55:60). Минск баскетболшыларының бұл қарқынын сары-көк жейделілердің грекиялық легионерлері тежеді. Леонидас Каселакис оймақторды алыстан дөп көздеп, серіктерін жігерлендіре түссе, іле-шала оның отандасы Димитриос Катсивелис үш секундтық аймаққа, Круаллиге тамаша пас шығарып берді. Шабулшы мүлт кеткен жоқ. «Астана» белорустардың келесі шабуылын тойтарып, доппен алға ұмтылған америкалық ойыншы шабуылда допты қақшып алып, айып соққысын ұру мүмкіндігіне ие болды және тағы екі ұпай еншіледі – 70:59. Ойынның аяқталуына үш минуттан да аз уақыт қалған. Қазақстандықтар «Аждаһалардың» соңғы минуттардағы дүлей шабуылдарына төтеп беріп, бес ойынға созылған жеңілістеріне нүкте қойды.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Цмоки-Минск»: Антонио Грейвс (18), Джордже Гагич (17 + 9 рет доп қақшып алды), Дрю Джойс (7 + 5 д.қ.а + 8 пас).

«Астана»: Усмана Крубалли (23 + 10 рет доп қақшып алды), Иан Миллер (16 + 5 пас), Леонидас Каселакис (16).

«Цмоки-Минск» БК бас бапкері Игорь Грищук: 
- «Астана» қорғаныста өте сауатты ойнайды. Біз бастапқы 10 минутта “мүлгіп” жүрдік, мен жеңілісіміздің басты себебі осы деп ойлаймын.

«Астана» БК бас бапкері Илиас Папатеодору: 
- Бұл өте күрделі ойын болды. Өйткені «Цмоки» – қарымды команда. Батылырақ ойнап, ширақ қимылдауға тырыстық. Әрі мұнымыз нәтиже берді деп ойлаймын. Ойынды бастан-аяқ қадағалап, жіті қимылдап отырдық.

«Астана» келесі ойынын да түзде өткізеді. Елорда командасы Саратовқа сапар шегіп, 25 ақпан күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Автодор» баскетбол клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»