«Астана» Көкшетаудан келген қонақтарын құр қол қайтарды

02.11.2018, 23:00    Оқылғаны: 16
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Баскетболдан ерлер арасындағы XXVII Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасында кезекті қос ойын өтіп, «Астана» және «Синегорье» командалары додаға түсті. Бұл матчтарда шартты түрде Көкшетау командасы алаң иесі болып есептелді.

Бірінші матчтың алғашқы минутынан бастап, «Астана» баскетболшылары үстемдік танытып, Ұлттық лигаға биыл ғана қосылған, тәжірибесі аз, «жас» командаға еш мүмкіндік бермеді.  
Бұл ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда, жүз ұпай еншілесе де, «Астананың» кәсіби ойыншылары айылдарын жимады. Ойын аяқталғанда таблодағы есеп 60:107 болып, елордалықтар басым түсті.

Екінші күнгі матчта көкшетаулықтар жігерлік танытып, тырысып бақты. Бірақ «Астананың» қас шеберлері қарқындарын үдетіп, құйындай орап соқты. Ойынның аяқталғандығын білдіретін ысқырық шалынғанда (дабыл қағылғанда), таблодағы есеп 53:98 болып, «Астана» жеңіске жетті.
 

Командамыз келесі кездесуін өз алаңында өткізіп, 5 қараша күні Сарыарқа» велотрегінде, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, Мәскеу облысының «Химки» клубын қабылдайды. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойған.

Ал Ұлттық лига аясындағы келесі ойындарын биылғы маусымда бірінші рет түзде өткізеді. 12 және 13 қараша күндері «Астана» Ақтауға қонаққа барып, жергілікті «Каспий» баскетбол клубымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.