Ұлттық лига: «Астана» «Тобылды» қалай тізерлетті

24.10.2018, 22:00    Оқылғаны: 28
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Еліміздің бас қаласында баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының кезекті екі ойыны өтіп, «Астана» мен «Тобыл» додаға түсті.

«Астана» өз алаңындағы ойынды өте сенімді бастады. Ұлттық лига аясындағы, бұған дейінгі төрт матчта да, жеңіске жеткен елордалықтар бұл ойындарда да үстемдік танытты.
Алаң иелері 23 қазан күні өткен матчтың бірінші минутынан бастап, деңгейінің жоғары екендігін паш етті. Орталық шеп ойыншысы Александр Жигулин оқтын-оқтын әдемі слэм-данктер орындап, көсіле сілтеді. Әрі «Астана» қонақтардың алға шығуына еш мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп – 80:45.

Екінші күнгі кездесуде «Астана» ойыншылары босаңсып, өздерін тым еркін сезінді. Қонақтар алаң иелерінің арқаны кеңге салған көңіл-күйлерін сезе қойып, бірден шабуылға көшті. Осылай, бұл ойын мейілінше шиеленісті өтті. Матч соңына дейін тартысты өткен кездесудің аяғында «Астана» қарқынын үдетті. Әрі ойын тізгінін уысынан шығармай, 78:72 есебімен жеңіске жетті.
 

Елорда баскетболшылары келесі ойынын түзде өткізеді, 29 қазан күні Польшаға аттанады. Онда ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа командасы «Зелена Гура» баскетбол клубымен кездеседі.