«Астана» ойындарына келерде… көрулеріңіз қажет ең үздік фильмдер

18.10.2018, 15:00    Оқылғаны: 64
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Әлемдік кинематография жауһарларының спорт алаңдарындағы дүбірлі додаларды терең оймен кең мазмұнда қамтып, әрі тебірентіп-тоолғантып, делебені қоздыратыны жасырын емес. Егер қайсыбіреулер үшін белгілі режиссердің картинасы романтикаға толы, мәнерлі желісімен тарих ретінде ғана әсер етсе, біздің ойыншыларымыз үшін көркем фильм ынта-жігерді арттыратын нұсқаулық іспетті.

Сіздердің назарларыңызға «Астана» баскетболшыларының көзқарастары мен дүниетанымдарына ұмытылмас әсер қалдырған кинокартиналар жинағын ұсынбақпыз. Қылышын сүйретіп келе жатқан қыстың ызғарлы күндерінде, көңілді сәл-пәл мұң басқан сәтте олар сіздерге осы фильмдерді міндетті түрде көруді ұсынады.

Сонымен, команда капитаны Рустам Ерғали мен шабуылшы Николай Бажиннің пікірлері бойынша, ең үздік бес фильмді әртүрлі жанрлы «Алтыншы ойыншы» (The 6th Man) картинасы бастайды. Бұл фильмнің желісі ағасы өлгеннен кейін өмірге деген құштарлығынан айырылған Кенни Картер деген жас жігіт жайлы өрбиді. Оның ауыр қазаға ұшырағаннан кейін өзімен-өзі алысуы, өмірдің мәнін іздеуі – қиялмен тұздықталып, бір «торшеңберде». Біздің жинағымызға лямур-тужур нотасын қорғаушы Вадим Щербак пен шабуылшы Джей-Джей ОБрайен енгізіп, төртінші орынға америкалық «Махаббат және баскетбол» (Love & Basketball) фильмін орналастырды. Баскетболшылардың бос уақыттары болмаса да, осы бір ұлы сезімсіз қандай өмір болсын? Еркек пен әйел арасындағы мәңгілік дилемма, лап еткен сезімдер, сыйлық пен сыйластыққа толы кезеңдегі драма режиссер желісінде қиюластырылған. Қою күрең шайды сораптап отырып, сүйікті адамыңызбен көруге кеңес береміз.

TOP-5 үштігін 90-шы жылдардың басындағы «Ақ адамдар секіре алмайды» (White Men Can't Jump) картинасы бастап тұр. Рас па? Бұл фильмді біздің орталық шептегі ойыншымыз Джеффри Гроссель қоярда-қоймай ұсынып отыр. Сөз жоқ, шытырман оқиғалы картинаны гангстерлік ерекшелікпен голливуд актері Уэсли Снайп өте қызықты етіп жіберген. Фильмдегі әрекеттер кино сүйер қауымның назарын қыруар ақша тігілген ойын өтіп жатқан баскетбол алаңындағы қызған тас төсенішке (асфальтқа) аударады.

Кез келген спорттық команда секілді, біздің баскетбол ұжымы да өз алаңымызда қарсы команданың үстемдік құрғанын ұнатпайды. Мұны шабуылшыларымыз Кеннет Хортон мен Асқар Майдекин де қадап айтып отыр. Бәлкім, содан болар, біздің кино-рейтингімізде «Бөгде ережелер бойынша ойнау» (Glory Road) фильмі айрықша орын алып отыр. Бұл фильм өз командасына терілерінің түсі өте жақсы ойыншыларды жинап алған баскетбол жаттықтырушысы туралы түсірілген. Алайда, біздің ойыншылар үшін адамның терісінің түсі, ұлты, діни көзқарастары мүлде маңызды емес. Біз бір командамыз! Оған күмәніңіз болмасын.

Тек қана алға жылжып, асқақ армандар мен мақсаттарға қол жеткізуге үндейтін ойыншыларымыз – орталық шеп ойыншысы Александр Жигулин, шабуылшы Руслан Айтқали және орталық шеп ойыншысы Дмитрий Гаврилов. Олардың сөздеріне 2017 жылы прокатқа шыққан, Ресейдің кассалық фильмі «Жоғары өрлеу» («Движение вверх») дәлел бола алады. Көркем фильмдегі оқиғалар 1972 жылғы Олимпиада ойындары кезінде өрбиді және командаға қандай қиындықтарды бастарынан кешіруге тура келгендігі, әлемдік доп додасында қалай жеңіске жеткендері көрсетіледі. Команданың осындай ерен жетістікке қол жеткізуіне, бірінші кезекте, командалық рух пен айнымас достық кепіл болғандығы паш етіледі.  

Біздің «Астана» баскетбол клубы үшін 1999 жылы Калифорнияда өткен, шынайы оқиға негізінде түсірілген фильм теңдессіз болып шықты. «Жаттықтырушы Картер» (Coach Carter) біздің ойыншыларға ұмытылмас әсер етіпті. Әрі олар бірауыздан осы киноны көріп шығу үшін екі сағаттан аз ғана уақыттарыңызды бөліп, доп пен торшеңбер айналасындағы өмірдің энергетикасын сезінулеріңізге кеңес береді. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар! Әйтсе де, келісетін шығарсыздар, «Астана» клубының кәсіпқой ойыншылары ұсынып отырғанда, келіспеу мүмкін емес.   

P.S. Баскетбол додасын теледидар алдында ғана отырып көрумен шектелмей, біздің ойыншыларымыздың барлық энергетикаларын көзбе-көз тамашалап, сезінуге тілектеспіз. Сол үшін сіздерді 21 қазан күні, сағат 15:00-де «Сарыарқа» велотрегінде күтеміз, онда Астана ойыншылары мен Петербордың «Зениті» арасында тура кинодағыдай шайқас болады.