«Астана» Минскіде жеңіске жетті

13.10.2018, 22:00    Оқылғаны: 712
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақ елінің «Астана» клубы түзде Беларустің «Цмоки-Минск» командасын тізе бүктірді. Есеп – 93:86 (17:17, 27:20, 17:23, 32:26) 

Тең дәрежеде өтіп жатқан ойынның екінші ширек бөлігінде «Астанаға» көсіле сілтеп, таразы басын өзіне қарай аударудың сәті түсті. Қорғаныста сауатты ойын өрнегін көрсетіп қана қоймай, Энтони Клеммонс пен Майкл Дженкинстің дәл соққыларының арқасында алға шықты – 44:37.

Ойынның бар қызығы матчтың төртінші ширек бөлігінде жүзеге асты. «Цмоки» есеп айырмасын мейілінше қысқартып, дода көрігін қыздыра түсті. Әйтсе де, «Астана» матч соңында құйындай орап соқты. Ойынның аяқталуына 3 минут қалғанда, Александр Жигулин тамаша блок-шотпен көзге түсті. Бұдан кейін қонақтар шабыттанып, Клеммонстың бастауымен қарқындарын үдете бастады. Матчтың бітуіне тура бір минут қалғанда Америка баскетболшысы алыстан үш ұпайлық соққысын дөп түсіріп (84:76), белорустардың қуып жетуіне ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Сөйтіп, өз алаңындағы бірінші ойында жеңіліске ұшыраған Қазақстан клубы түзде биылғы бірінші жеңісіне қол жеткізді.       

 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Цмоки-Минск»: Даррин Говенс (21 + 5 рет доп қақшып алды), Стефан Муди (15), Виталий Лютыч (15). 
  • «Астана»: Энтони Клеммонс (23), Джей Джей О’Брайант (19 + 5 рет доп қақшып алды), Кеннет Хортон (14).

Үздік ойыншы: Энтони Клеммонс. «Астананың» – шабуылдағы ең тұрақты опциясы. Клеммонс матчтың ең жауапты сәттерінде ойын тізгінін өз қолына алып, осы кездесуде ең көп ұпай еншілеген ойыншы болды – 23.

Цифр: 17 – «Астанның» нәтижелі пастарының саны. Белорустарда бұл көрсеткіш небәрі – 10.

«Цмоки-Минск» клубының бас бапкері Александр Крутиков:
— Білесіздер ме, бізге бірге жаттығамыз, алайда машықтанып алған ойын үлгісін матч барысында мүлде ұмытамыз. Доптан айырылып қалып, өзегіміз өртенген сәттер аз болған жоқ. Былай қарасақ, 13 рет доптан айырылыппыз, бұл тым көп емес, бірақ оның 3-4-і өте маңызды болып шықты. Шығыршықтан қайтқан допты қағып алуға да шорқақ болып шықтық. Сәрсенбі күні FIBA кубогында додаға түсеміз, осындай осал қорғанысымызбен не істейтінімізді де білмеймін.


«Астана» ПБК бас бапкері Эмиль Райкович: 
— Өте ауыр ойын болды. «Цмоки» өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Мүмкін, біздің жігіттер ойын соңында жанкештілік танытқан болар, екі мәрте маңызды соққыларын дөп түсірді. Біздің бағымыз жанып, бұл жағынан сәл де болса, жолымыз болып, жеңіске жеттік. Ойыншыларымызды құттықтаймын, бұл – біз үшін өте маңызды жеңіс.


«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. 21 қазан күні елорда баскетболшылары қазақ топырағында Петербордың «Зенит» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»