«Астана» баскетбол командасы жаңа маусымға дайын

02.10.2018, 20:00    Оқылғаны: 265
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
«Астана» президенттік баскетбол клубы алдағы 2018/2019 жылдар маусымы қарсаңында жаңа ойыншыларының таныстырылымын өткізді.
 

Жаңа спорттық маусым қарсаңында «Астана» президенттік баскетбол клубы тұсаукесер жиынын өткізді, сондай-ақ команданың жаңа ойыншыларына құрмет көрсетілді. Алғы сөз «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының бас директоры Асқар Баталовқа берілді.

«Барлықтарыңызды да асыға күткен оқиғамен, яғни біздің «Астана» баскетбол командасы маусымының басталуымен құттықтаймын. Клуб – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және ел кубогы додасының иегері. Өткен маусымға сараптама жүргізілді. Өздеріңіз білесіздер, команда ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шыға алмады. Қателіктерімізге түзеу жұмыстарын жүргізетін уақытымыз жеткілікті болды. Жаңа маусымды жаңа жаттықтырушымен бастаймыз. Команда тізгінін көпшілікке танымал Македония маманы Эмиль Райковичке сеніп тапсырып отырмыз. Команда құрамына жаңа ойыншылар тарттық – мейілінше танымал және талантты баскетболшылар. Олар алдағы маусымда сенім үдесінен шығады деп үміттенеміз», – деп түйіндеді сөзін Баталов.



Команда сапы 2018/2019 жылдар маусымында үш қазақстандық ойыншымен және үш легионермен толықтырылды.

«Мен біздің қатарымызда бірнеше жыл бірге жүрген жігіттерге қошамет көрсетуге қуаныштымын. Жігіттердің көбісі ұжым сапында «Астана» баскетбол клубы құрылғаннан бері жүр. Олар – бізбен бірге, мен әрі олардың команда намысын әлі де абыроймен қорғайтындарына сенімдімін. Сондай-ақ қатарымызға қайта қосылған жігіттер де бар. Олар – Николай Бажин (7), Асқар Майдекин және Руслан Айтқали (47). Асқар мен Русланға ерекше үміт артамыз, өйткені олар – өзіміздің Қазақстан баскетболының түлектері», – деді «Астана» ПБК бас менеджері Валерий Тихоненко.

Тихоненконың айтуынша, команда легионерлеріне де айрықша сенім артылып отырған көрінеді.

«Гроссел, О'Брайен және Хортон – бұлар, біз орасан зор үміт артып отырған ойыншылар. Олар біздің командаға тың серпін қосулары керек. Бізде бұл жолы жаттақтырушылар құрамында да айтарлықтай өзгеріс бар. Біз Эмиль Райковичке ерекше сенім артып отырмыз. Ол – югославиялық әйгілі баскетбол мектебінің түлегі», – деп атап өтті Тихоненко.    

Сонымен қатар, бас менеджер команда сапын тағы да екі ойыншымен толықтыру қарастырылып отырғанын тілге тиек етті.

«Барлық қиындықтар мен бюджеттің қысқартылғанына да қарамай, біз ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шығуды көздеп отырмыз. Бұл – біздің басты мақсатымыз. Сонымен қатар, «Астана» баскетбол клубы Қазақстан құрамасының негізін қалайды. Ал дәл қазір ұлттық құрама әлем чемпионатының жолдамасына таласып жатыр», – деп қосты бас менеджер.

Құттықтау сөздерден кейін, қалыптасқан дәстүр бойынша, команданың жаңа ойыншыларына жейделері салтанатты түрде табыс етілді.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»