«Локо» «Астананы» сүріндіріп, 13 рет қатарынан жеңіске жетті

16.02.2017, 10:00    Оқылғаны: 921
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Локомотив-Кубань» клубы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 67:59 (20:18, 12:17, 17:15, 18:9)

Ойынның бастапқы үш ширек бөлігінде алаң иелері көсіле сілтей алмай қойды, әсіресе шабуылда ойындары жүрмеді. «Астана» теміржолшылармен тайталасып, оларға қарсы өз тактикаларын қолданып, берік қорғаныстарына қарай ығыстыра түсті. Қонақтар кубандықтардың қателіктерін пайдаланып, оларды доптан айырылып қалуға итермеледі. Ал өздері «Локо» баскетболшыларына қарағанда, допты алыстан лақтырудан мергендік танытты. Алайда ойынның үшінші ширек бөлігі аяқталуға айналғанда алаң иелері қамшыны басты. Евгений Бабурин ысқырықтың безілдеуімен қоса допты алыстан торшеңберге дәл түсіріп, осы онминуттықты «сықап» жапты. Есеп болса, «–1» айырмасына дейін қысқарды (49:50). Осыдан кейін краснодарлықтарда мүлт кету деген болған жоқ. Марди Коллинс пен Райан Брокхоффтың іркес-тіркес «бомбалары» алаң иелерін алға шығарып, енді «Астанаға» қуып жету керек болды. Әрине, қонақтар тырысып бақты, бірақ «Локо» тағы да көсіле шапты. Бұл жолы Кевин Джонс өз шеберлігін паш етіп, матчтың нүктесін қойды. 10 ұпай айырмасын Илиас Папатеодорудың шәкірттеріне еңсеру мүмкін болмады.          

Ең көп ұпай жинағандар:

«Локомотив-Кубань»: Кевин Джонс (22+5 рет доп қақшып алды), Тейлор Рочести (9+6 пас)

«Астана»: Иан Миллер (16), Усман Крубалли (9+6 рет доп қақшып алды)

«Локомотив-Кубань» БК бас бапкері Саша Обрадович:
– Біз үшін өте күрделі ойын болды. «Астана» ойынның үш ширек бөлігі бойы дес берген жоқ, әрі тек бізбен ғана емес, түзде ЦСКА және «Химки» клубтарымен де тартынбай тайталасты. Бізге де бірақ қиындықтар туғызды. Ойынды өзіміз ойлағандай жігермен бастай алмадық, бірақ қарқынымызды үдеткен соң допты дәл түсіру де қиынға соққан жоқ. Білмеймен, қарсыласымызды лайықты түрде бағаламадық па, бірақ рас, менің өзім ЦСКА және «Химки» клубтарымен болатын ойындарға дайындала бастадым. Әлбетте, мен бұлай істемеуші едім. Бірақ бұл қайсыбір ағаттықтарымыз үшін ақталуға жараса, онда мойындаймын. Ойыншыларды да келесі қарсыластарымыз туралы ойлар шырмаған шығар.

«Астана» БК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Қарсыласымызды жеңісімен құттықтаймын. Біз өте күрделі ойын болатындығын сезгенбіз, өйткені «Локомотив» – ВТБ лигасындағы ғана емес, Еуропадағы үздік командалардың бірі. Олардың соңғы үш айдағы нәтижелері де адам қызығарлықтай, біз үшін осы залда осындай командамен ойнаудың өзі – үлкен мәртебе. Біз ойынның басым көп бөлігінде өрнекті ойын үлгісін көрсете білдік, қорғаныста жақсы ойнадық, бірақ соңғы бес минутта сәттілік бізден теріс айналды. Біз деңгейі өзімізден жоғары командамен ойнадық, ал шешуші сәтте олар бізден жақсы ойнады. Біз бірнеше үш ұпайлық соққыларды өткізіп алдық, ал өзіміз болсақ, тура осындай мүмкіндіктерді мүлт жібердік. Әйтсе де, мен өз ойыншыларымды мақтан тұтамын, бізге осы бетімізден қайтпау керек, жексенбі күні «Цмоки» клубымен кездесеміз.  
 
«Астана» келесі ойынын тағы да түзде өткізеді. Елорда командасы Минскіге сапар шегіп, 19 ақпан күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Беларусь елінің «Цмоки-Минск» баскетбол клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»