«Астана» 2017/2018 баскетбол маусымын аяқтады

12.05.2018, 20:00    Оқылғаны: 703
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионатында соңғы ойынын өткізіп, Саратовтың «Автодор» клубынан 75:92 есебімен ұтылып қалды.
 
Бастапқы үш кезең бойы астаналықтар азулы қарсыласына дес бермей, тайталасып бақты. Алайда бәрі де соңғы онминуттықта шешіліп, қонақтар алға ұзап кетті де, алаң иелері қуып жете алмады.

Матчтың үздік ойыншылары: Малькольм Грант (22), Ике Удано (12 + 10 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (11 + 5 рет доп қақшып алды + 7 пас).


«Астана» клубының бас бапкері Михаил Карпенко: 
– Өкінішке қарай, біз үш кезең бойы табан тіресе тайталасып, дес берген жоқпыз. Жоспарымыздың қайсыбірін жүзеге асырдық, бірақ матчтың төртінші ширек бөлігінде ойынымыз мүлде үйлеспей қойды. Дәл қазір, ойынның ыстығы басылмай тұрып, саралау қиын, матчты қайтадан қарап шығу керек. Ойыншыларымыздың кейбіреулері бүгінгі қысымды, жауапкершілік жүгін көтере алмағандай секілді, ондай сезім де жоқ емес. Біз 23 айып соққысының небәрі 7-еуін ғана шығыршыққа дәл түсірдік. Бұл – кәсіби командаға сай келмейтін өте төмен нәтиже. Біз доптан жиі айырылып қалып, көп қате жібердік. Бірақ бәрін де ойыншылардың қателіктеріне ысыра салғым келмейді. Бәріміз бірге ұтылдық – ойыншылар да, жаттықтырушылар да.

Осымен, «Астана» үшін ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты аяқталды. Оның қорытындысы бойынша елорда клубы плей-офф сатысына шыға алмай, 2017/2018 жылдар маусымындағы өз өнерін тәмамдады. Маусым бойы бізбен бірге болған тілеулестеріміздің бәріне де алғыс білдіреміз!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»