Латыштар «Астанадан» алымды екен

01.05.2018, 10:00    Оқылғаны: 681
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Елорда баскетболшылары түзде, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткен матчта, Риганың ВЭФ командасынан 89:77 есебімен ұтылып қалды. Бұл ойын Латвияның бас қаласында өткен болатын.
 
Ойынның бірінші минутынан бастап, алаң иелері белсенділік танытты. Латыштар жылдам қимылдап, алыстан соққы бағыттауға иек артты. Әрі қателескен жоқ. Астаналықтар болса, керісінше, әрқайсысы жеке ойнады. Бірінші кезең ригалықтардың сәл ғана басымдығымен аяқталды (20:15). Екінші онминуттық астаналықтардың сәтті шабуылымен басталды. Бірақ ВЭФ те қарап қалмады. Бірнеше нәтижелі шабуылдарымен қарымын қайтарды. «Астана» тайм-аут алуға мәжбүр болды. Үзіліс Михаил Карпенконың шәкірттерін жігерлендіре түсті. Ике Удано шығыршық түбінен екі ұпай әкелді. Әрі қарай алаң иелері «Астананың» торшеңберіне үш ұпайлық соққыларын қарша боратты. Соның арқасында +12 ұпай айырмасымен алға шықты. Астаналықтар қалай тырысса да, дәл осы ұпай айырмасы матчтың бірінші жартысы аяқталғанша сақталып тұрды – 47:35. Ал ойынның екінші жартысы алаң иелерінің басымдығымен өтті, десек те болады. Олар «Астананың» ұпай айырмасын қысқартуларына ешқандай да мүмкіндік бермей, өздеріне жақындатқан да жоқ.
 
Матчтың үздік ойыншылары: Джастин Картер (20 + 6 рет доп қақшып алды + 7 пас), Малькольм Грант (19) және Ике Удано (12 + 7 рет доп қақшып алды).

«Астана» клубының бас бапкері Михаил Карпенко: 
— Бүгін біз маусымдағы ең маңызды ойындардың бірінде ұтылып қалдық. Матчтың бірінші жартысында қорғанысымыз сыр берді. Екінші жартысында сабамызға түсіп, қарсыласымызбен тайталасып бақтық. Бірақ мұндай ұпай айырмасын ВЭФ-тің алаңында қысқарту – шектен тыс қиын. ВЭФ клубын жеңісімен құттықтаймын. Бізге ВТБ лигасында енді бір ойын қалды, өз алаңымызда Автодорды қабылдаймыз. Біз өз жанкүйерлерімізді қуантып, жеңіске жетуге тырысамыз. Әзірше біздің плей-оффқа ілігуге теориялық тұрғыда мүмкіндігіміз бар. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істейміз.
 
«Астана» келесі ойындарын түзде өткізіп, 3 және 4 мамыр күндері Атырауда жергілікті «Атырау Барыстары» клубымен кездесіп, ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты Ұлттық лигасының финалдық ойындарын жалғастырады.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесу «Астана» үшін биылғы чемпионаттағы соңғы ойын болады. Елорда баскетболшылары 12 мамыр күні өз алаңында Саратовтың «Автодор» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»