«Астана» Латвияға кетті

29.04.2018, 10:00    Оқылғаны: 87
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 30 сәурір күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын түзде өткізіп, Латвияның «ВЭФ» баскетбол клубымен кездеседі.
 
«ВЭФ» – Латвияның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Рига қаласынан. 1958 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Латвия чемпионы − 2011, 2012, 2013, 2015
  • Латвия чемпионатының күміс жүлдегері –2010, 2014, 2016
  • КСРО чемпионатының қола жүлдегері –1960, 1966, 1991
  • Балтық лигасы кубогының қола жүлдегері – 2012
  • Латвия чемпионатының жартылай финалына шыққан – 2008, 2009

Өткен кездесулер хроникасы:
Латвия баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2009 жылдан бері ойнап жүр. ВЭФ үшін ең нәтижелі маусым 2012/2013 жылдар болды. Осы маусымда ВЭФ Латвияның 2012 және 2013 жылдардағы чемпионы атанды. Мұнымен қоса, ригалықтар Еуропа кубогында TOP-16 құрамына енді. Сонымен қатар, ВТБ лигасында үздік сегіздікке ілігіп, плей-офф сатысына шықты. Сол кезде команданы Литва маманы, 2014-2016 жылдары «Астана» клубының бас бапкері болған Рамунас Бутаутас жаттықтырған болатын.
Ал «Астаны» – ВЭФ арасындағы екеуара кездесулерге келер болсақ, екі команда алаңда 13 рет кездесіп, оның бесеуінде Қазақстан клубы жеңіске жетті. Биылғы маусымда «Астана» ригалықтарды өз алаңында қабылдап, үйдегі мачта елорда клубы 67:53 есебімен басым түскен болатын.

Қазіргі жағдай:
Міне, үш жыл болды, команданы Латвия маманы Янис Гайлитис жаттықтырады. Команда құрамы былтырғымен салыстырғанда, едәуір өзгерді. Рига клубы сапынан көпшілікке танымал латыш ойыншысы, осы елдің ұлттық құрамасының капитаны Янис Блумс кетіп қалды. Бұл ойыншыны Қазақстан жанкүйерлері де жақсы біледі. Ол 2013/2014 жылдар маусымында «Астана» командасының намысын қорғаған. Ұжымның қазіргі көшбасшысы – америкалық қорғаушы Алекс Перез. Ол орта есеппен әр ойында 12 ұпайдан еншілеп жүр.
 

Турнир кестесі:
«Астана» және «ВЭФ» клубтарының өткізген ойындарының саны да, жеңіс пен жеңілістері де бірдей, екі команда турнир кестесінде 31,8%  нәтижесімен «иық тіресіп» қатар тұр. 
 
«Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі: 
– Дәл қазіргі жағдайға байланысты, ВЭФ клубымен өтетін ойын біз үшін ВТБ лигасындағы өте маңызды, мүмкін, тіпті биылғы маусымдағы ең басты ойынымыз болғалы тұр. Оның үстіне, қарсыласымыз да – тура біз секілді жағдайда, жеңісі мен жеңілістерінің қатынасы да тура біздікіндей. Алдағы ойын екі команда үшін де – «do or die!» санатынан. ВЭФ қаңтар айында Астанада өткен матчпен салыстырғанда біршама өзгерді. Қазір спорттық баптарына келді. Сол ойында орталық шептегі тәжірибелі ойыншысы Каспарс Берзиньш жарақатына байланысты ойнамаған болатын. Сондай-ақ америкалық қос легионері де алаңға шықпаған: Кен Браун және Пол Картер. Негізі, осы үшеуі және Алекс Перез, Кристапс Яниченокс, Марекс Мейерис сынды қас шеберлері ВЭФ-тің бетке ұстар, екпінді күші болып саналады. Бұл команда жоғары жылдамдықты ойынға иек артып, периметр бойынан шабуылдауға бейім. Былайша айтқанда, ВЭФ-тің орталық шептегі ойыншысы Илья Громовтан басқасы – доға сыртынан дәл соққы бағыттауға қабілетті.     
 
Бізге қорғанысқа ерекше көңіл бөлу қажет. Биылғы маусымдағы ең үздік ойындарымызды біз сауатты түрде қорғана жүріп, шабуылда жауапкершілік пен жетік шешім қабылдау арқылы өткіздік. Жігіттердің бәрі сапта, жарақат алған ешқайсысы жоқ. Кездесу бағасы мен маңыздылығын жете түсінеміз. Өз ойыншыларыма «Баспен ойлап, жаныңды салып, жүрегіңмен ойна» деген сөздерді жиі айтамын. Бұл ұран бізді дүйсенбі күні жігерлендіреді және жеңіске жетуімізге көмектеседі деп сенемін!
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Латвия, Рига, «Arena.Riga»
Уақыт: 22.30 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.