«Астананың» Қазақстан чемпионаты финалындағы бірінші жеңісі

25.04.2018, 22:00    Оқылғаны: 754
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» Қазақстан чемпионатының ерлер арасындағы Ұлттық лигасында финалдық доданы жеңіспен бастап, бірінші матчта «Атырау Барыстары» клубынан басым түсті.
 
«Астананың» алғашқы бестігі: Энтони Клеммонс, Антон Пономарев, Рустам Ерғали, Ларри Гордон және Дмитрий Гаврилов.
 
Есепті айып соққысынан қонақтар ашты. «Астана» Рустам Ерғалидің үш ұпайлық соққысымен жауап берді. Атыраулықтар бірінші минуттан бастап, тез ойнап, жылдам қимылдауға тырысты. Бірақ қателіктер жіберіп алып отырды. «Астана» баскетболшылары керісінше, сабырлық сақтап, асықпай ойнауға көшті. Бірінші онминуттық осы қарқынмен өтіп, бір ғана ұпай айырмасымен астаналықтар алда тұрды (19:18). Екінші кезең аса тартысты және жоғары қарқында өтті. Әрбір ойыншы доп үшін жанталаса таласып, шабуылды сәтті аяқтап отырды. Бұл кезеңнің ортасына қарай «Астана» +10 ұпай айырмасымен алға ұзап кетіп, ойынның бірінші жартысын 48:29 есебімен аяқтады.
  
Үлкен үзілістен кейін «Астана» қарқынын сол күйі ұстап тұрды. Рутам Ерғали өзінің мергендік қабілетін паш етіп, Дмитрий Гаврилов шығыршық түбіндегі ойынымен қуантты. Сөйтіп үшінші кезеңде алаң иелері қара үзіп кетті. Есеп – 72:46. Соңғы кезеңде «Астана» қарсыласына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Әрі финалдық доданың бірінші матчында үстемдік танытты. Бұл кездесудің есебі – 92:69.

Бұл матчта ең көп ұпай жинаған ойыншы Антон Пономарев болды, оның еншісінде – 20 ұпай. Рустам Ерғали команда қоржынына 12 ұпай салды.

 

Ертең – екінші ойын, ол да «Сарыарқа» республикалық велотрегі залында өтеді. Матчтың басталу уақыты – 19:30-да. Кіру тегін.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»