Қазақстан чемпионатының финалы басталады

24.04.2018, 18:00    Оқылғаны: 369
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
25 және 26 сәуір күндері елордада Қазақстан чемпионатының ерлер арасындағы Ұлттық лигасында финалдық ойындар басталады.

Жартылай финалдық ойындар аса шиеленісті болмады. Финалға «Астана» баскетболшылары мен «Атырау Барыстары» қиналмай шықты. Екеуі соған лайық та еді.

Естеріңізге сала кетейік, финалдық дода үш жеңіске дейін созылады. «Астана» үшінші ойынын 5-6 мамыр күндері атыраулықтардың алаңында өткізеді.

«Астана» БК бас бапкері Михаил Карпенко:
- Біз үшін маусымның қорытынды һәм шешуші кезеңі басталды. Енді әрбір ойын – нәтижесімен өте маңызды. Бұл ВТБ лигасына да, ұлттық біріншілікке де қатысты. Біріншісінде, біз плей-оффқа ілігу үшін қиян-кескі ойындар өткізіп жатсақ, екіншісінде «Атырау Барыстарымен» финалдық додаға түсеміз.

«Атырау Барыстары» командасының құрамы тіс қаққан ойыншылармен жасақталған. Олардың сапында Джон Тэйлор және Да-Кван Кук сынды екі америкалық легионер бар. Ұлттық құрама мүшелері Николай Бажин мен Асқар Майдекин бар. Сонымен қатар, Павел Ильин, Михаил Евстигнеев, Дмитрий Климов сынды қазақстандық бірнеше тәжірибелі жігіттер ойнайды. Осы ойыншылар команданың негізін қалайды және өздеріне өте сенімді.     

Біз чемпионат барысында олармен 4 рет кездестік. Оның үшеуі мейілінше тартысты өтіп, азғана ұпай айырмасымен жеңіске жеттік. Тек біреуінде ғана 20 ұпай айырмасымен басымдық таныта алдық. Сондықтан финалда оңай болмасын білеміз. Бізге қарағанда олардың иықтарынна басып тұрған жүктері де жеңіл, бізді жеңу үшін ештеңеге алаңдамай, бар күш-жігерлерін салады. Біз осыған дайын болып, өзімізді қайрай білуіміз керек.

Бізге, бірінші кезекте, алаңда жиі қауіп төндіретін, ойын тізгінін өз қолдарына алып, қаймықпай бірге-бір додаға түсетін ойыншыларды тоқтату қажет. Шабуылда тізе қоса, ойланып ойнап, дұрыс шешім қабылдау керек. Өйткені «Барыстар» қорғаныс жүйесін жиі өзгертеді. Көбінесе жекелей тұсаулап ұстау үлгісінен аймақтық қорғанысқа ауысып отырады. Бұл ретте, шабуылда біздің қандай шешімге келетініміз және қалай дұрыс шабуыл ұйымдастырып отыратынымыз маңызды болады.

Қандай жағдай болмасын, біздің жалғыз ғана мақсатымыз бар, ол – әрбір ойында жеңіске жету. Әрі мен осы мақсатымызға қол жеткізіп, өз жанкүйерлерімізді әдемі және тартымды ойындарымызбен қуантамыз деп үміттенемін.

Алдағы ойындар «Сарыарқа» республикалық велотрегі залында өтеді. Матчтардың басталу уақытттары – 19:30-да. Кіру тегін.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»