«Астана» Эстонияның «Калевін» тізе бүктірді

22.04.2018, 22:00    Оқылғаны: 502
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Эстонияның «Калев» клубын тізе бүктірді. Есеп – 102:92.

Эстондар үшін бұл матч ВТБ лигасының негізгі додасындағы соңғы ойын болса, «Астананың» әлі екі ойыны және үздік сегіздікке ілігу мүмкіндігі бар еді. «Астана» ВТБ лигасы маусымының бірінші жартысында эстондармен солардың алаңында кездескен болатын. Шектен тыс шиеленісті өткен сол ойында алаң иелері 83:73 есебімен жеңіске жеткен-ді. «Астана» баскетболшыларына сол жеңілістің қарымын қайтару керек болды.
 
Ойын басталған бетте допты қонақтар қағып әкетті. Бірақ бірінші шабуылдарында-ақ қателесті. «Астана» да бірінші мүмкіндігінде мүлт кетті. Әйтсе де, қателіктерін бірден түзеп, есеп ашты. Эстондар тура соққыларымен жауап берді. Онминуттықтың екінші кезеңінде «Астананың» ойыны мүлде үйлеспей қойып, команданың бас бапкері Михаил Карпенко тайм-аут алды. Содан кейін астаналықтар екі шабуылын сәтті аяқтады. Енді қонақтар бір минуттық үзіліс сұрады. Бірінші кезең алма-кезек шабуылмен өтіп, 24:16 есебімен аяқталып, алаң иелері алға шықты.   
 
Екінші онминуттық та, біріншісіндегідей қарқында өтті. «Астана» қорғаныста сауатты ойнады. Бірақ қонақта да айылын жимай, өздерінің мергендік өнерлерін паш етті. Бұл кезеңнің екінші жартысында астаналықтар көсіле сілтеп, үш шабуылдарын бірінен соң бірін сәтті аяқтады. Әрі +10 ұпай айырмасымен алға озды. Әйткенмен, үлкен үзіліске шыққанда, есеп 50:35 болып, «Астана» алда тұрды. Үшінші кезеңде алаң иелері өз басымдықтарын сақтады. Бірақ эстондар оңайшылықпен берілетін емес. Екі команданың ойыншылары да 4 ескертуден алып «үлгеріп», ойын одан әрі аса сақтықпен өте бастады. «Астананың» қорғаушысы Малкольм Грант бұл кезеңде қас шеберлік танытып, алыс доғаның сыртынан қайта-қайта доп лақтыруға көшті. Командалар соңғы үзіліске шыққанда, есеп 78:62 болды. Ақырғы кезең мейілінше шиеленісті өтті. Екі командаға да жеңіс ауадай қажет еді. Дегенмен астаналықтардың бақтары жанды. Кездесу 102:92 есебімен аяқталып, елорда клубы жеңіске жетті.          
 
Матчтың ең үздік ойыншысы Малкольм Грант болды, ол бұл ойында 32 ұпай еншіледі.



«Астана» клубының бас бапкері Михаил Карпенко: 
— Біз бұл ойын «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген қағидаға сай дода екенін әу баста білгенбіз. Егер ұтылып қалсақ, біз онда плей-оффқа ілігу мүмкіндігінен айырылар да едік. Сондықтан мейілінше тиянақты дайындалдық. Бұл аптада біз, ақыры, ешқайда шыққан да жоқпыз, үйде болдық. Жігіттер дем алды, ұлттық біріншіліктің де ойындары болған жоқ. Бір аптаны толығымен жаттығуға арнадық. Біз «Калевтің» «аймақтық» қорғаныс құратынын білдік. Сондықтан жаттығу кезінде «аймақтық» қорғанысқа қарсы қалай шабуылдау керектігіне машықтандық. Жігіттердің құлшыныстары, төккен терлері – бәрі де нәтиже берді. Әр ойыншыға алғыс білдіргім келеді. Бүгін аз да болса, бәрі де алаңға шығып ойнады. Әрқайсысы өз үлесін қосты. Жігіттер жарады, бәріне төзді. Енді әрі қарай дайындаламыз. Өйткені қалған ойындарда да жеңіске жету қажет.
    
«Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізіп, 25 және 26 сәуір күндері ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясындағы финалдық ойындарын өткізіп, «Атырау Барыстары» баскетбол клубын қабылдайды.

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін «Астана» түзде өткізеді. 30 сәуір күні елорда баскетболшылары Ригаға барып, онда жергілікті ВЭФ клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»