«Астана» Эстония чемпионын қабылдайды

20.04.2018, 13:00    Оқылғаны: 778
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Жексенбіде, 22 сәурір күні, елорда баскетбол клубы өз алаңында ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өткізіп, Эстонияның «Калев» баскетбол клубын қабылдайды.
 

«Калев» – Эстонияның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Таллинн қаласынан. 1944 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • КСРО чемпионы − 1991.
  • Эстония чемпионы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016
  • Эстония чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония кубогының жеңімпазы − 2005−2008, 2016

Өткен кездесулер хроникасы:
Эстония чемпионы ВТБ лигасында осы дода құрылғаннан бері, яғни 2009 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. «Астанамен» өзара кездесулеріне тоқталар болсақ, Лиганың бұған дейінгі 6 маусымында екеуі 11 рет додаға түсті. Осы ойындардың 8-і «Астананың» жеңісімен аяқталды. Биыл екі команда Эстонияда кездесіп, 83:73 есебімен алаң иелері жеңіске жетті.
 
Қазіргі жағдай:
Бұл команданы бірнеше маусым бойы эстон маманы Алар Варрак жаттықтырып келді. Бірақ 2017 жылы қараша айында командаға Литва маманы Доналдас Кайрис бас бапкер болып бекітілді. Кайрис бұған дейін Беларусь елінің «Цмоки-Минск» клубын жаттықтырған, сондай-ақ «Локомотив-Кубань» командасында бас бапкердің көмекшісі болып, ЦСКА (Мәскеу) және «Химки» клубтарында скаут қызметін атқарған.
Биылғы маусымда «Калев» құрамын едәуір күшейтті. Эстония чемпионы серб легионері Бранко Мирковичпен екеуара келісімшартты ұзартты. Ал бұл ойыншы бізге «Цмоки-Минск» клубымен өткен ойындардан таныс, 2013/2014 жылдар маусымында ол аталған команданың көшбасшысы болған. Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан команданы Америка шабуылшысы Седрик Симмонс өрге сүйреп жүр. Ол орта есепен әр ойында 12 ұпай еншілеп, 7,6 рет доп қақшып алып, көзге түсіп келеді. Сондай-ақ қорғаушы Айзея Бриско да бөле-жара атап өтуге тұрарлық майталман, ол команда көшбасшыларының бірі, орта есеппен әр ойында 20 ұпайдан еншілеп жүр.
 
Турнир кестесі:
Командадағы әр ойыншының жекелей көрсеткіштері тәп-тәуір болғанымен, «Калев» Лиганың турнир кестесінде 13- орында тұр. «Астана» 10-орынға орналасқан, нәтижесі – 6 жеңіс, 15 жеңіліс.
  
«Астана» БК бас бапкері Михаил Карпенко:
– Биылғы маусымдағы ВТБ лигасының бір ерекшелігі, турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі бәсекелестік – өте жоғары. «Калев» те, біз сияқты, плей-оффқа ілігу мүмкіндігін әлі жоғалтқан жоқ. Екі команда үшін де бұл ойын осы маусымдағы ең маңызды ойындардың бірі болады. «Калев» ВТБ лигасындағы соңғы екі ойынын алғашқы үштіктегі ЦСКА және «Зенит» командаларымен өткізді. Әрі жанкештілік танытып, намысты қолдан берген жоқ. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, негізгі құрамдағы кейбір ойыншылары жарақаттанып қалып, «Калев» шағын құрамымен «шайқасуға» мәжбүр болды. Бұл әрі оларды екі ойын бойы, бастан-аяқ аймақтық қорғану әдісін қолдануға әкеп тіреді. Қазіргі замандағы баскетболда ешкім де бұлай ойнамайды деуге болады. Әдетте, деңгейі жоғары командалар неғұрлым агрессиялық қорғаныс жүйесін қолданады, ал «аймақтықты» ойынның кейбір бөліктерінде ғана, қарсыластың қарқынын басу және қандай да бір тактикалық басымдығынан айыру үшін пайдаланады. Шамасы, ЦСКА да, «Зенит» те 40 минут бойы «аймақтық қорғанысқа» қарсы ойнауға толықтай дайын болмай шыққан секілді, екеуі де қиыншылықтарға тап болды. Біз мұның бәрін ескереміз және Эстония командасы қолданатын кез келген қорғаныс жүйесіне қарсы ойнауға дайын болуға тырысамыз. Қарсыласымыздың шабуылына келер болсақ, бірінші кезекте олардың сапында құралайды көзге атқан сұрмергендері көп екендігін айта кетуге тиіспіз. Олар периметр бойынан айнала қауіп төндіріп, қарсыласының қорғанысын соза түседі. Осынша сұрмергені бар командаға ойынды «пикенрол» арқылы өрбіту де өте тиімді болады. Біз осы мәселені шешуіміз керек. Тағы бір мәселе, бұл – бірге-бір ойыны немесе баскетбол тіліндегі «айзо», ал дәл осыны орындаудан «Калевтің» көшбасшысы Айзея Бриско – лигадағы теңдессіз ойыншылардың бірі. Бұл жігіт бірге-бір келгенде, кез келген қорғаушыны сан соқтырып кете алады. Сондықтан, біздің мақсатымыз оның допты көп ұстауына мүмкіндік бермеу және аңдып жүріп, дер кезінде қорғаушымызға көмекке ұмтылу. «Калевпен» өтетін ойын біз үшін өте маңызды, сол себепті бізге өздерінің қуатын алаңдағы ойыншыларға сіңіре білетін жанкүйерлердің қолдауы ауадай қажет. Бәріміз бірге айбындымыз!
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»