«Астана» түзде УНИКС клубынан ұтылды

16.04.2018, 09:00    Оқылғаны: 721
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Түздегі ойындары бір-біріне қабаттасып кетсе де, елорда баскетболшылары Қазанға бір ғана мақсатпен аттанды – ВТБ лигасындағы бірнеше жеңілістен соң намысты қолдан бермей, сенімді ақтау. Бірақ арман жеткізбеді, әйтсе де «Астана» алаң иелерін қара терге түсірді.
 
Бірінші минуттан бастап астаналықтар атойлап алға шапты. Есепті Қазан баскетболшылары ашқанымен, «Астана» көп күттірген жоқ. Ике Удано команда қоржынына 2 ұпай салды. Алаң иелері қуып жетуге асықпай, емін-еркін ойнады. Ал бірінші кезең оларға елеусіз жылыстап, ысқырық та шалынды. Таблодағы есеп 23:27 болып, «Астана» алда тұрды. Астаналықтар екінші онминуттықты да қарсыласының жолын бөгеумен бастап, ширақ қимылдады. Бұл кезеңнің орта тұсында қонақтар біршама алға ұзап кетті – дәлірек айтқанда, +10 ұпай. Бұл, әрине, алаң иелеріне мүлде ұнаған жоқ, УНИКС ойынның өрбу барысын өзгертуге тырысты. Кезеңнің аяғына қарай Қазань баскетболшылары есепті сәл де болса, қысқартқан болды. Десек те, үлкен үзіліске шыққанда, «Астана» басым болды – 41:53.        

Матчтың үшінші ширек бөлігінде де астаналықтар қарқындарын үдете түсті, ал алаң иелерінің жүйкелері сыр бере бастады: бұл кезеңнің басынан аяғына дейін қонақтар 10 ұпай айырмасын сақтап тұрды. Бірақ соңына қарай алаң иелері есепті мейілінше қысқартты. 66:67 – үшінші кезеңнің қорытындысы. Соңғы кезең шектен тыс шиеленісті болды. УНИКС қамшыны басты, үш ұпайлық соққыларды қарша боратты. Ал елорда клубы болса, өкінішке қарай, кешірілмес қателіктер жіберіп, білгендерінен жаңыла бастады, әрі соның сазайын тартты да. Тартысты өткен кездесуде «Астана» УНИКСке 90:75 есебімен есе жіберіп алды. 

Матчтың үздік ойыншысы Джастин Картер болды, оның еншісінде – 23 ұпай + 5 рет доп қақшып алды, Малкольм Грант команда қоржынына 11 ұпай салды, Ике Удано – 10 ұпай + 11 рет доп қақшып алды.
 

«Астананың» бас бапкері Михаил Карпенко: 
— Біз ойынның бірінші жартысын әжептәуір жақсы өткіздік, әрі шабуылда да ширақ қимылдадық. УНИКСке 50 ұпайдан артық салу – бұл өте жақсы көрсеткіш, әрі біз қорғаныста да сауатты ойнадық. Қазан баскетболшылары небәрі төрт айып соққысын орындады. Яғни біз бәріне үлгеріп отырдық. Бір ғана кінәратымыз, біз оны үзіліс кезінде, киім ауыстыратын бөлмеде да атап өттік: қарсыласымыз доптан айырылып қалғанда, аяусыз жазалап отырды. Ойынның бірінші жартысында біз алты рет доптан айырылып қалдық, ал УНИКС мұны қалт жібермей, 11 ұпай салды. Өкінішке қарай, бұл үрдіс матчтың екінші жартысында да жалғаса берді. Біз ақылға қонбайтын жерде жаза басып, доптан айырылып қалып отырдық. Ал УНИКС бізді үздіксіз жазалап отырды. Сайып келгенде, осындай қателіктеріміздің саны 28 болып шықты. Осынша рет доптан айырылып қалып, ал қарсыласың мұның бәрін қалт жібермей, жазалап отырса, жеңіске жету мүмкін емес. Қорғаныста 5-ке 5 жаман ойнаған жоқпыз, жоспарға сай қимылдап, мейілінше бәсекелестік таныттық. Бірақ біз қарсыласымыздың оп-оңай ұпай олжалап отыруларына көп мүмкіндік беріп қойдық. УНИКС клубын жеңісімен құттықтаймын. Біз үшін бұл – баға жетпес тәжірибе. Әлі үш ойынымыз бар, осы матчтарда жағдайымызды түзеуге және плей-оффқа шығуға болатын мүмкіндік бар.

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. 22 сәуір күні елорда баскетболшылары Эстонияның «Калев» баскетбол клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»