Қазан «Астананы» қабылдайды

14.04.2018, 12:00    Оқылғаны: 494
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 15 сәуірде, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын түзде өткізіп, Қазан қаласының «УНИКС» клубымен кездеседі.
 
УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007. 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009−2011, 2013/14. 
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014. 
  • FIBAЕвролигачемпионы − 2003/04. 
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/11. 
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/14 
  • NEBL чемпионы − 2002/03. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/10, 2011/12, 2015/16 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/11
 
Өткен кездесулер хроникасы:
Қазан баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында тоғызыншы маусымын өткізіп жүр. Осы уақыт ішінде «УНИКС» ВТБ Бірыңғай лигасының үш дүркін күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, осы турнирдің қола жүлдесін де иемденді. «Астана» клубымен өткізген екеуара ойындарына тоқталар болсақ, екі команда алаңда 11 рет кездесті. Елорда клубы бір-ақ рет, 2014/2015 жылдар маусымындағы өз алаңында өткен матчта ғана, 87:67 есебімен қазандықтарға қайратын өткізе алды. Биыл екі команда Астанада кездесіп, елорда клубы тек овертаймда қазандықтарға 73:78 есебімен есе жіберіп алған.

Қазіргі жағдай:
Қазан клубының жаттықтырушылар штабын грек маманы Димитрис Прифтис басқарады. Команда сапында деңгейі жоғары ойыншылар көп. Мәселен, Габон елінің орталық шептегі ойыншысы – Стефан Ласме орта есеппен бір ойында 15 ұпайдан еншілеп жүр. Ал қорғаушы Джамар Смит команда қоржынына әр ойында 14 ұпайдан салып келеді. Испания құрамасының ойыншысы Хуакин Коломның Татарстан жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп жүргеніне үш маусым болды. Дәл осы ойыншы Қазан клубымен Ресей чемпионатының және ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанған.

Турнир кестесі:
«УНИКС» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде екінші орынды иемденіп тұр. Көрсеткіші – 17 жеңіс және 2 жеңіліс. Ал «Астана» баскетболшылары 6 жеңіспен 11-орынға орналасқан. 

«Астана» БК бас бапкері Михаил Карпенко:
– УНИКС – қандай турнирге қатысса да, үнемі ең жоғарғы орындарға таласып жүргенкоманда. Биылғы маусымда УНИКС көсіле шауып, нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп жүр. ВТБ лигасында екі-ақ рет ұтылды. Команда маусым аралығында нақты мақсатына сай жасақталды, мен олардың алға қойған мақсаты Еуролигаға ілігу еді деп ойлаймын. Тиісінше, бұл команданың бюджеті мен құрамындағы ойыншылары сол межеге қол жеткізерліктей еді. Өкінішке қарай, Еурокубок додасында сүрініп, финалдық кезеңінде бас бәйгеге таласа алмайтын болды. Сондықтан, қазір барлық күш-жігерін ВТБ лигасында жоғары нәтиже көрсетуге жұмылдырып отыр. Келесі маусымда Еуролигада ойнау үшін бұл командаға биыл бірінші орын алу керек немесе финалда ЦСКА баскетболшыларымен додаға түсу қажет. Осындай жоғары орындарды мақсат тұтып отырған командаға әр ойын маңызды екенін жақсы түсінеміз, олар ешбір ойында босаңсуға жол бермей, өз алаңында тек жеңіске жетуді ойлайды.
 
Әйткенмен, біз өз алаңымызда УНИКС клубына дес бермей, қайсарлық таныттық. Жігіттеріміз бұл командамен де тайталасуға болатынын біледі және сенеді. УНИКС – ойын өрнегі мейілінше үйлескен ұжым. Негізінен, алты легионері алға сүйрейді, бұларға тәжірибесі мол ресейлік ойыншы Антон Понкрашовты қосуға болады. Сонымен қатар, бірнеше ресейлік ойыншысы нақты өз міндеттері бойынша оларды ауыстырып отырады. Атап айтқанда, олар – Владислав Трушкин, Евгений Колесников,Андрей Кощеев. Мұның бәрін біріктіргенде, УНИКС  клубын өте азулы команда болып қалыптасты. Шабуылы әр қилы және қорғаныста өте сенімді ойнайды. Бізге оңай болмайды. Бірақ тағы да қайталаймын, егер бізге осы ойынға құрған жоспарымызды орындасақ және алаңда барлық күш-жігерімізді 100% жұмсасақ, онда жеңіске жету үшін түзде де УНИКС клубымен тайталасуға болады. Бізге шегінер жол жоқ, плей-оффқа ілігуге тырысамыз, сондықтан қалған ойындардың бәрі де біз үшін өте мағызды және соңғы мүмкіндік сияқты болады.
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Қазан, «Баскет-Холл» аренасы
Уақыт: 21.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»