Михаил Карпенко: «Жанкүйерлеріміз бен команданы Қазақстан финалына шығуымен құттықтаймын»

12.04.2018, 17:00    Оқылғаны: 73
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» баскетбол клубының бас бапкері Михаил Владимирович Карпенко Ақтаудың «Каспий» клубымен өткен, Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық додасындағы ойындарға өз пікірін білдіріп, саралап шықты.
 
- «Каспий» клубымен өткен жартылай финалдық дода біз үшін үш ойынмен, мейілінше аяқталды. Әрине, біз бұған қуаныштымыз. Өйткені дәл осы сәтте біздің ойындарымыз бір-біріне қабаттасып, уақытымыз тығыз болды. ВТБ Бірыңғай лигасында үш рет қатарынан түзде ойнауға тура келді. Оның екеуін өткіздік, Краснодар мен Красноярскіге бардық, енді Қазандағы ойынға дайындалып жатырмыз. Осы ойындардың арасында жартылай финалдық матчтарды өткізуге мәжбүр болдық.
  
Бұл оңай емес. Өйткені әрлі-берлі ұшақпен ұшу қиын болды. Оның үстіне, біз ұлттық чемпионатта барлық ойыншыларымызды алаңға шығара алмаймыз. Сол себепті, кімді тынықтырып алып, кімді алаңға шығару керектігін, кімге қосымша жүктеме беріп, ал осы ойындарда алаңға шықпағандардың спорттық баптарын қалай жоғалтпау қажет екендігін ойлап, бас ауыртуға тура келді.  

Үйдегі ойындарға тоқталар болсақ, екеуінде де ойын тізгінін өз қолымызда ұстадық. Бірінші минуттан бастап алға шығып, матчтың бірінші бөлігінде-ақ ұпай айырмасын ұлғайтып алып, еркін ойнадық. Әрі қарай бәрін саралап отырып, ойыншыларды жөнімен алмастырып, бәріне бірдей уақыт беріп, ешкімге көп жүктеме түсірмеуді ойластыру қажет болды.

   
Түздегі ойын қиындау болды. Өйткені біз Красноярскіден ұшып келдік те, дәл сол күні Ақтауға ұшып кеттік. Ал бұл әжептәуір әсер етті. Оның үстіне қарсыласымыз өз алаңында ойнағандықтан, бар күш-жігерін салды. Аянған жоқ. Әрі «Каспий» тайталасып, тіпті ойынның бірінші ширек бөлігінде басым түсті де. Әйтсе де, біз екінші кезеңде деңгейіміздің жоғары екендігін дәлелдеп, 21 ұпай айырмасымен жеңдік те, үлкен үзіліске +15 ұпай айырмасымен шықтық. Әрі қарай ойын өрісін, қарқыны бақылап, әрбір ойыншымызға өз қабілетін паш етуге мүмкіндік беріп, ойынды жеңіспен аяқтадық.

     
Мен біздің жанкүйерлеріміз бен өз командамызды финалға шығуымен құттықтаймын. Осы ретте «Каспий» клубының маусым бойы, әр ойын сайын жетіліп келе жатқандығын атап өткім келеді. Бұл команданың ұлттық чемпионаттың қола жүлдесіне таласуына мүмкіндігі толық жетеді деп ойлаймын.

Ал біз алдағы уақытта Қазанға жолға шығамыз. Онда бізді ВТБ лигасы көшбасшыларының бірі УНИКС клубымен өте маңызды ойын күтіп тұр, – деп қорытындылады өз пікірін Михаил Карпенко.

 
Естеріңізге сала кетейік, алдағы жексенбіде, 15 сәуір күні елордалықтар ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Қазан қаласының УНИКС клубымен кездеседі.