«Астана» – Ұлттық лиганың финалында!

12.04.2018, 09:00    Оқылғаны: 397
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ерлер арасындағы Ұлттық лиганың жартылай финалдық додасы Ақтауда жалғасып, Каспий жағасында өткен үшінші ойын да елорда клубының жеңісімен аяқталды.

Алаң иелері намысты қолдан бермеуге тырысып, «Астанамен» тайталасып бақты. Тіпті бірінші онминуттықта басым түсті де (22:16). Алайда екінші кезеңде елорда клубы қарқынын үдетіп, көсіле сілтеп, +15 ұпай айырмасымен алға шықты. Қалған екі кезең де «Астананың» басымдығымен өтіп, алаң иелері еш өзгеріс енгізе алмады. Бұл кездесу 67:86 есебімен аяқталып, «Астана» клубы, яғни қонақтар жеңіске жетті. Елорда баскетболшылары бұл жұпта үш рет жеңіске жетіп, финалға шықты.    

Бұл матчта нәтижелі ойын үлгісін көрсеткен Александр Жигулин болды, оның еншісінде – 16 ұпай. Энтони Клеммонс пен Рустам Мырзағалиев команда қоржынына 14 ұпайдан салды.

Енді, «Каспий» БК Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін Қостанайдың «Тобылымен» сарапқа салады. Ал «Астана» финалда «Атырау Барыстары» командасымен додаға түседі. Финалдық ойындар 25 сәуір күні Астанада басталады.

 
«Астана» келесі кездесуін де түзде өткізеді. Елорда баскетболшылары 18 сәуір күні Қазанға барып, Татарстан астанасында жергілікті УНИКС клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізеді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»