Толқындай тербелген «Астана» баскетболы

09.04.2018, 16:00    Оқылғаны: 88
Дереккөз: ABCTV.kz
Автор: Маруан Түсіп
«Астана» баскетбол клубы биылғы маусымда тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай жүр. Былтыр елорда клубының ойын өрнегін жетілдіре түсіп, азулы командаға айналдырған грек маманы Илиас Папатеодору өткен маусымның аяғында еліне кеткен. Жай кеткен жоқ, дәрежесі өсіп кетті. Өз еліндегі көпшіліке танымал ПАОК клубы шақыртып, бас бапкерлік тізгінін қолына ұстатты.

«Астана» жаттықтырушыны тағы да Эллада елінен іздеді. Әрі Костас Флеваракисті шақырып, бас бапкерлік қызметке бекітті. 48 жастағы Грекия маманы өзінің жерлесінің қазақ топырағындағы жетістіктерін одан әрі сабақтай түседі деп үміттенді. Осы ретте айта кетуіміз керек, командадағы легионерлерді ауыстыруға тура келді. Өйткені Илиас Папатеодору әкелген шетелдік ойыншылардың көбісі кетіп қалды.

Содан маусым басталды. Өкінішке қарай, Флеваракис өзінің жерлесі Папатеодорудай болмады. Маусымды жеңіліспен бастап, қоңыр күзде төрт рет қатарынан ұтылды. ЦСКА жұлдыздарына өз алаңында қайрат көрсете алмай, түзде «Зенит», «Цмоки-Минск» және «Химки» клубтарына есе жіберіп алды.

Тек Пермь қаласында өткен бесінші ойында жеңіске жетіп, көңілдері қалып бара жатқан жанкүйерлер мен басшыларын бір желпіндірді. Алайда бір аптадан кейін Таллинде «Калев» клубынан ұтылып қалып, тағы да жерге қаратты. Содан соң өз жерімізде «Енисей» (Красноярск) клубынан басым түсіп, Астана жанкүйерлерін алғаш рет қуанышқа бөледі.

Жеңілгеннің көкесін осыдан кейін көрдік. Өз алаңымызда Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубынан 50:83 есебімен ойсырай ұтылып, жігерімізді құм қылды. Татарстанның азуы алты қарыс УНИКС командасына да төтеп бере алмады. Көп ұзамай Мәскеуде ЦСКА баскетболшыларына да оңай «шағылды» (63:79).

Сөйтіп, 2017 жылды сегіз жеңіліспен тәмамдады. Тек екі ойында жеңіске жетті. Турнир кестесінде, төменнен санағанда екінші орында тұрды. Жағдай мүшкіл еді. Қаңтардың басында, Астана төрінде Костас Флеваракис жаттықтыратын командамыз «Нижний Новгород» клубынан 73:85 есебімен ұтылып қалғанда, басшылардың да төзімдері шегіне жетті. Сөйтіп Грекия маманымен арадағы келісімшарт бұзылып, үйіне қайтарылды.

Ал «Астана» тізгіні маусым басынан бері Флеваракистің көмекшісі болып жүрген, Ресей маманы Михаил Карпенкоға ұстатылды. Бірақ уақытша… Ол бұған дейінгі үш жылда Ақтаудың «Каспий» клубын жаттықытырып, деңгейлерін біршама көтерген еді. Ұзын сөздің қысқасы, Карпенко ресми түрде бас бапкердің міндетін атқарушы болып бекітілді.

Карпенко келе сала, қамшыны басты. «Астана» баскетболшыларын ширатты.  Әуелі Ригадан келген ВЭФ командасын жеңді. Рас, іле-шала Саратовта «Автодор» клубынан ұтылып қалды. Бірақ өз жерімізде ВТБ лигасындағы азулы клубтардың бірі, қазір үшінші орында тұрған «Зенит» (Санкт-Петербург) клубын күйрете жеңді (87:64).

Беларусь елінен келген «Цмоки-Минск» клубын да сүріндірді. Мәскеу облысынан ұшып келген «Химки» баскетболшылары да жеңілістің кермек дәмін татты. Бес ойында – төрт жеңіс! Керемет нәтиже! Әрі қандай командаларды жеңді. «Астана» осы жеңістерінің арқасында жоғары өрлеп, көмескі тартқан үміт сәулесі қайта тұтанып, плей-офф сатысына шығу мүмкіндігі пайда болды.

Бірақ осыдан кейін «Астананың» жолы болмай қойды. Соңғы төрт ойында да ұтылып қалды. Екі рет 78:79 есебімен есе жіберіп алып, өзектері өртенді («Нижний Новгород» және «Локомотив-Кубань» клубтарынан). Өз алаңында Пермь қаласынан келген «Парма» командасынан ұтылып қалғаны жанға батты. Себебі бұл ұжым да 8-орыннан үмітті басты бәсекелесі болатын.

«Астананы» шыр айналдырған сәтсіздік мұнымен шектелмеді. Кеше түнде көш соңындағы «Енисей» клубынан да ұтылып қалды. Енді жағдайы қайтадан қиындады. Қазір 11-орында тұр. Плей-оффта бақ сынауға құқық беретін сегіздіктен алыстап барады. Маусым соңында дейін төрт ойын өткізуі керек. Әйтсе де, үмітін үзбейді. Ал бізге әліптің артын тосқаннан басқа амал жоқ.