«Астана» ВТБ лигасының күміс жүлдегерінен ұтылды

01.04.2018, 23:00    Оқылғаны: 541
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Елорда баскетбол клубы түзде Краснодардың «Локомотив-Кубань» деп аталатын клубынан ұтылып қалды. Есеп – 78:79. Не сиқыры бар екенін, осы сандар екінші рет «Астананың» сырт алаңда бағын байлады. «Нижний Новгород» клубымен өткен ойын да тура осындай есеппен аяқталған болатын.

Краснодар командасы Еуропадағы үздік клубтардың бірі болып саналады. Сондықтан бұл ойынның оңай болмасы бәріне белгілі еді. Әйтсе де, Михаил Карпенконың командасы қарсыласының атақ-даңқына қарамай, өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, алаң иелерін әбден әбігерге түсірді.
  
Ойынның басынан бастап, «Астана» жылдам және жоғары қарқында ойнауға иек артты. Негізі, бұдан нәтиже болды да. Бұған жауап ретінде, алаң иелері асықпауға тырысты және мейілінше байсалдылық танытты. «Астананың» екінші үміт артқан тактикасы алыстан доп лақтыру болды. Алайда бірінші үш ұпайға тек алтыншы мүмкіндіктерінде қол жеткізді. Осыдан кейін бе, алаң иелері Қазақстаннан келген қонақтарының мергендік қабілетттерін лайықты түрде бағаламады. Ақыры «Астана» 29 соққысының 13 дөп түсірді.

Краснодардағы тартысты ойынның екінші бөлігі шектен тыс шиеленісті өтті.  Оңғы онминуттықта «Астана» краснодарлықтардың торшеңберін алыстан нысанаға алуға көшті. Әрі адам сүйсінерлік мергендік танытып, 10 соққының 7-еуін дәл түсірді, тіпті алтауын қатарынан салды. Десек те, алаң иелері ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. Кездесу тағдырын соңғы 8 секунд шешті. Алаң иелері барлық күш-жігерлерін салып, соңғы күштерін қорғанысқа жұмылдырды. Ойын аяқталғандығын білдіретін дабыл қағылғанда, 79:78 есебімен «Локомотив-Кубань» алда тұрды.     

Бұл ойында ең көп ұпай еншілеген Джастин Картер болды, ол команда қоржынына 26 ұпай салды. Малкольм Гранттың еншісінде – 19 ұпай.   

«Астана» клубының бас бапкері Михаил Карпенко: 
— Бүгін біздің ойымыздың бәрі жүзеге аспады. Біз «Локоның» иық қағыса, табан тіресе ойнайтындығына дайын болдық. Олар тура осылай ойнап, ойларын іске асырды. Біз болсақ, ойыншыларымыздың жекелей шеберліктерінің арқасында ұпай еншілеп отырдық. Матчтың бірінші жартысында көп қауіп төндіре алмадық, бірақ әрі маңыздысы қарсыласымыз 15-16 ұпай алға озып кетсе де, айылымызды жиған жоқпыз. Бізге үш рет қорғаныста сәтті ойнап, үш рет нәтижелі шабуыл ұйымдастыру қажет еді. Сонда матч соңында тайталасуға мүмкіндік пайда болар еді. Біз өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, допты жылдам зыр қаққызып, сұрмергендерімізге мүмкіндік жасап бере алдық. Матч соңында доп бізде болды, бірақ жеңісті жұлып ала алмадық. Мен бұл ойында жеңіске жетуге болатын еді деп ойлаймын.

«Астана» келесі ойынын 8 сәуір күні түзде, Красноярскінің «Енисей» клубымен өткізеді.

«Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізеді. 4 және 5 сәуір күндері елордалықтар «Каспий» баскетбол клубын қабылдап, ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигадағы 1/2 финалдық ойындарын өткізеді.

ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі ойынын да «Астана» түзде өткізіп, 8 сәуір күні елорда баскетболшылары Красноярскіге барып, жергілікті «Енисей» баскетбол клубымен додаға түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»