«Астана» Краснодарда додаға түседі

30.03.2018, 18:00    Оқылғаны: 553
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, 1 сәуір күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін түзде өткізіп, Краснодар қаласының «Локомотив-Кубань» баскетбол клубымен додаға түседі.
 
«Локомотив-Кубань» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

 
Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2012, 2015
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • Ресей кубогының күміс жүлдегері – 2014
 
Өткен кездесулер хроникасы:
Краснодар баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде «Локо» ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанып (2012/2013), 2014/2015 жылдар маусымында қола жүлдеге ие болды. «Астанамен» өткізген екеуара кездесулеріне тоқталар болсақ, екі команда жеті рет кездесті. Оның тек біреуінде ғана «Астана» краснодарлықтардан басым түсті. Атап айтқанда, 2014/2015 жылдар маусымындағы өз алаңында өткен матчта «Локомотив» клубын 81:70 есебімен тізе бүктірді.
 
Қазіргі жағдай:
Соңғы екі маусымда команданы көпшілікке танымал серб маманы Саша Обрадович жаттықтырып жүр. Команда көшбасшыларының бірі, америкалық шабуылшы Марди Коллинз де өз міндетін абыроймен атқарып, биылғы маусымда статистикалық көрсеткіштерін едәуір артыра түсті. Биылғы маусымда команда сапына «әскери» Дмитрий Кулагин мен орталық шепте ойнайтын Фрэнк Элегар қосылған. Соңғысын Эстонияның «Калева» және Красноярскінің «Енисей» клубтарында ойнаған кезінен жақсы білеміз.

Турнир кестесі:
Краснодар командасы ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде төртінші орынды иемденіп тұр. Еншісінде – 12 жеңіс, 5 жеңіліс. Ал «Астана» баскетболшылары 6 жеңіс, 12 жеңіліспен 9-орынға табан тіреп тұр.
 
«Астана» БК бас бапкері Михаил Карпенко:
– Біз түзде өте азулы командамен, яғни «Локомотив Кубань» клубымен кездесеміз. «Локо» биылғы маусымда өзіне өте сенімді, бұл команданың Еурокубок маусымын бастан-аяқ жеңіліссіз өткізуі де кездейсоқтық емес. 20 рет қатарынан жеңіске жетіп, рекорд орнатты. Краснодарлықтардан басқа ешбір команда Еуропада мұндай ерен жетістікке қол жектізген емес. «Локомотив» ВТБ лигасында да нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Қапелімде екі рет ұтылып қалғандарын есепке алмасақ, қалған ойындардың бәрін олар өте жоғары деңгейде өткізді. Краснодарлықтар өз алаңында жақсы ойнайды. Өйткені жанкүйерлерінің қолдауы – адам қызығарлықтай. Команда әбден шыңдалған, ойыншыларын ауыстырып отырады, бір-біріне пара-пар екі бестігі бар деуге де болады. Қорғаныста қарсыластарын аттап бастырмайды, қарсыласының шабуылын осылай, қадам бастырмай бұзуға тырысады. Қарсыласының ойыншыларын тұсаулап ұстап, иық тіресе ойнайды. Саша Обрадовичтің командасы темірдей тәртіпке көп көңіл бөледі, шабуылды әрқилы өрбіте алады. Себебі ойыншыларының бәрі – жан-жақты жігіттер. Алаңға шыққан ойыншыларының бәрі дерлік қауіп төндіре алады. Десек те, мен олардың үш ойыншысын көшбасшы ретінде бөле-жара атар едім. Олар – команда капитаны Марди Коллинз, жақында өткен Еурокубок аясындағы жартылай финалдық ойындардың MVP Дмитрий Кулагин және Френк Элегар. Соңғысы қорғаныста бәрін бағып, серіктерін демеп-жебеп, ағаттықтарын түзеп, қарсы команданың торшеңбері түбінде ширақ қимылдайды. Сонымен қатар, командаға жақында ғана Литва шабуылшысы Йонас Мачюлис қосылды. Ол – өз елінің ұлттық құрамасы және Еуролигадағы ең үздік командалар сапында әбден ысылған, тәжірибесі мол ойыншы. Енді Краснодар командасына жеңіс рухын сіңіре түсуі керек. Бізге оңай болмайды, бірақ біз дүлей додаға дайынбыз, қарсыласымыздың алаңында өзіміздің барлық қабілетімізді көрсетуге тырысамыз.      
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Краснодар қаласы, «Баскет-холл» аренасы
Уақыт: 18.30 Астана уақытымен
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»