«Астана» өз алаңында «Пармадан» ұтылып қалды

25.03.2018, 20:00    Оқылғаны: 668
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» өз алаңында «Пармадан» ұтылып қалды
 
Бүгін Астанада өткен, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы ойын 78:84 (20:19, 18:19, 14:26, 26:20) есебімен аяқталып, Пермнен келген қонақтар жеңіске өңгеріп кетті.
 
Ойынның бірінші жартысы мейілінше тең дәрежеде өтті. Үлкен үзілістен кейін қонақтар астаналықтардың торшеңберін алыстан нысанаға алып, нәтижелі шабуылдарын жиілетті. Әрі Николайс Мазурстың командасы алға шығып, ұпай айырмасын ұлғайта түсті. Соңғы онминуттықта алаң иелері ұпай айырмасын қысқартуға тырысты, тіпті біршама жақындай түсті де. Алайда бұл ойында қонақтардың бақтары жанды.    

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Джастин Картер (23 + 8 рет доп қақшып алды + 5 пас), Ике Удано (21 + 10 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (17 + 4 рет допты қағып әкетті).
  • «Парма»: Фрэнк Гейнс (21 + 5 рет доп қақшып алды), Иван Ухов (13), Андрейс Гражулис (11), Тре Маклин (11), Яник Морейра (7 + 17 рет доп қақшып алды), Коди Миллер-Макинтайр (4 + 5 рет доп қақшып алды + 10 пас + 3 рет допты қағып әкетті).

«Астана» клубының бас бапкері Михаил Карпенко: 
— Өкінішке қарай, біз бүгін қорғаныста өз міндетімізді ойдағыдай атқара алмадық. Жоспар бойынша мейілінше батыл ойнап, табан тіресе додаға түсуіміз керек еді. Бәлкім, қонақтардың көшбасшысы Макинтайрды тұсаулап ұстаған да болармыз, алайда жалпы алғанда, біз «жұмсақтық» танытып, қорғаныста үлгермей қалып отырдық. Ойынның бірінші жартысында небәрі 4 командалық ескерту алып, қарсыласымыздың ойын ырғағын сезінуіне, соққыны оңды-солды бағыттауларына мүмкіндік беріп қойдық. Кездесудің екінші бөлігінде мұның бәрі жалғаса берді. Өкінішке қарай, шабуылда да дұрыс шешім қабылдамай, маңызды сәттерде бірнеше рет шығыршықтан қайтқан допты қағып ала алмадық. Тіпті өз торшеңберіміздің түбінде есе жіберумен болдық. Мұның бәрі үйде жеңіліске ұшырауымызға апарып соқты. Плей-оффқа шығу үшін әлі де барымызды саламыз, бүгінгі ойыннан қорытынды шығарып, алға қарай жылжимыз деп үміттенемін.   

«Парма» клубының бас бапкері Николайс Мазурс:
— Біз ойынды бірден тамаша құлшыныспен бастадық. Жылдам шабуыл ұйымдастыра алсақ та, оңтайлы сәттерде мүлт кеттік. Бірақ біз торшеңбер түбінде жанкештілік таныттық. Жігіттер сабырлы түрде ойнап, көбінесе допты діттеген жерлеріне дөп түсіріп отырды. Ойынның аяғына қарай біз шапшаңырақ қимылдап, ұсақ-түйектерде асып түсіп отырдық деп ойлаймын. Пермь жанкүйерлерін құттықтаймын, бұл біз үшін – өте маңызды жеңіс.

«Астана» келесі ойынын түзде өткізеді. 1 сәуір күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Краснодардың «Локомотив Кубань» клубымен додаға түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»