«Астана» «Нижний Новгородтан» ұтылып қалды

18.03.2018, 23:00    Оқылғаны: 512
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Астана баскетболшылары түзде, шектен тыс шиеленісті өткен матчта, «Нижний Новгород» клубынан 78:79 есебімен ұтылып қалды.

Ойынның басынан аяғына дейін екі команда бір-біріне дес бермей, табан тіресе додаға түсті. Әр команда өз шығыршығы түбінде аянбай, матчтың бірінші бөлігі 41:40 есебімен аяқталды. Алаң иелері бір ғана ұпай айырмасымен алда тұрды.


Соңғы екі кезең де, алдыңғы екеуіндей өте тартысты өтті. Төртінші кезеңде «Астана» суырылып алға шыққан. Тіпті жеңіс қолда тұрғандай да болып еді. Алайда, допты ойынға қосқандағы өрескел қателік астаналықтыр үшін тым қымбатқа түсті. Нақтырақ айтқанда, ВТБ лигасының шешуші және маңызды ойынында жеңістен айырылып қалуға апарып соқты. Нижегородтық қорғаушы бұл мүмкіндікті қалт жібермей, ойын аяқталғандығын білдіретін дабылмен бірге допты үш ұпайлық аймақтан лақтырып, дөп түсірді. Жеңіс Зоран Лукичтің командасына бұйырды.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  •  «Нижний Новгород»: Стеван Еловац (15 + 5 рет доп қақшып алды), Джейкоб Одум (15), Петр Губанов (12).
  • «Астана»: Ларри Гордон (17), Джастин Картер (15 + 6 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (15).

«Нижний Новгород» клубының бас бапкері Зоран Лукич:
— «Астананы» бүгінгі тамаша ойынымен құттықтағым келеді. Олардың соңғы бес ойында төрт рет жеңіске жеткендері кездейсоқ нәтиже емес еді. Мен Михаил Карпенконың үш ұпайлық соққының ысқырықпен бірге дөп түскеннен кейінгі сезімін жақсы түсінемін. Біз биыл бірнеше рет осындай жағдайда болғанбыз. Мен мұны сәттілік деп қана ойламаймын, дұрысы, азулы командалардан әлгіндей жеңілістердегі екі-үш ұпайымыз қайтты деп түсінемін. Бізге енді отырып, бүгін неге осы матч шешуші кездесу еместей ойнағанымызды талқылау қажет. Негізі, плей-оффқа шығу үшін бүгінгі ойыннан бастап, чемпионаттың аяғына дейін біздің барлық ойындарымыз – шешуші матчтар. Босаңсуға болмайды, қарсыласты бағаламау дұрыс емес. Мен сіздерге айтайын, бүгінгіміз азапты жеңіс болды!

«Астана» клубының бас бапкері Михаил Карпенко:
— Бәрін де өздеріңіз көрдіңіздер, ойын тең дәрежеде өтті. «Нижнийдің» бізден ең алысқа ұзағаны сегіз ұпай болды, ал біздкі – бес ұпай. Екі команда үнемі бірін-бірі қуып жетіп отырды. Ойынның бірінші жартысында біз бір ұпай айырмасымен ғана ұтылдық. Ал екіншісінде, екі кезең де тең аяқталды. Сол бір ұпай ойын тағдырын шешті. Біз үлкен үзілістен кейін қарсыласымызға дес берген жоқпыз. Өкінішке қарай, шешуші сәтте қарсыласымыздың шығыршығы түбінде допты қақшып ала алмадық. Сөйтіп, бірінші үш ұпайлық соққыны өткізіп алдық. Одан соң, тайм-ауттан кейін допты өз айып алаңымыздан кері шығаруда оңбай қателестік. Ойынның аяқталуына 20 секундан сәл ғана асатын уақыт қалғанда «+5» ұпай айырмасымен ұтып жатып, екі рет үш ұпайлық соққы өткізіп алу деген… – бұл өте өкінішіті және күйінішті. Жанға батады. Осы жеңілістен біз қорытынды шығарып, жігерлене түсеміз деп ойлаймын. Команда осындай ойындармен тексеріледі және шыңдала түседі.

 
«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі ойынын өз алаңында өткізіп, 25 наурыз күні елорда баскетболшылары Пермнің «Парма» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»