«Астана» түзде «Каспий» клубын екі рет тізе бүктірді

15.03.2018, 23:00    Оқылғаны: 369
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ақтауда баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында кезекті екі ойын өтіп, «Каспий» және «Астана» клубтары кездесті.

Екі ойында да елорда клубы жеңіске жетті. Бірінші матчта Михаил Карпенконың командасы бірден шабуылға шығып, алғашқы кезеңнің аяғына қарай +16 ұпай айырмасымен алға шықты. Екінші онминуттықта да алаң иелері ойын өрбісіне айтарлықтай өзгеріс енгізе алмады. «Астана» шабуылда да, қорғаныста да үстемдік танытып, әрбір соққысы сайын ұпай айырмасын ұлғайта түсті. Матчтың бірінші жартысы аяқталғанда, таблодағы есеп 23:50 болып, астаналықтар қара үзіп кетті. Үлкен үзілістен кейін, жеңіске жететіндігіне сенімді болған «Астана» қарқынын аздап бәсеңдетті. Сөйтіп, қарсыласының «ойнауына» да мүмкіндік берді. Десек те, ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ. Матч астаналықтардың айқын басымдығымен тәмамдалды. Есеп – 52:89.

Матчтың ең үздік ойыншысы Антон Пономарев болды, ол бұл ойында өз еншісіне 21 ұпай жазды.

Екінші күнгі ойын да, тура біріншісіндей болды. Бірақ бірінші онминуттық тартысты өтіп, тең дәрежеде аяқталды. Бұған алғашқы кезеңнің есебі де дәлел – 23:23. Екінші кезеңде елорда командасы қарқынын үдетіп, алға ұзай берді. Осылай матчтың бірінші бөлігі аяқталғанда 10 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті – 37:47. Үшінші кезеңде де «Астананың» мерейі үстем болды. Тағы да +10 ұпай алға озып, соңғы онминуттыққа +20 ұпай айырмасымен шықты. Төртінші кезеңде Михаил Карпенконың командасы қарқынын үдете түсіп, алаң иелері оларға төтеп бере алмады. «Астана» баскетболшылары бұл ойында да басымдық танытты. Есеп – 65:94. 

«Астананың» көп ұпай еншілеген ойыншылары: Ларри Гордон — 19 ұпай, Александр Жигулин – 15 ұпай және Вадим Щербак — 11 ұпай. 




Сөйтіп, «Астана» биылғы Қазақстан чемпионатында бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Алда – Ұлттық лиганың плей-офф додасы. Шешуші кезең 5 сәуірде 1/2 финалынан басталады.

Енді Ақтаудан кейін, елорда клубы Нижний Новгородқа ұшып барып, алдағы жексенбіде, яғни 18 наурыз күні осы қаланың өзі аттас клубымен кездесіп, ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті ойынын өткізеді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»