«Астана» Ақтауға ұшып кетті

13.03.2018, 18:00    Оқылғаны: 139
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
14 және 15 наурыз күндері Ақтауда баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында кезекті екі ойын өтеді.

Елорда баскетболшылары осы екі ойынмен ел чемпионатының негізгі бөлігін тәмамдайды. Ал сәуірден бастап Қазақстан Ұлттық лигасында плей-офф сатысы басталады. Ақтау командасымен біздің клуб Астанада ел чемпионаты және Қазақстан кубогы аясында кездескен. Әрі бұл ойындардың бәрінде де елорда командасы айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.

«Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы Михаил Карпенко алдағы екі ойын туралы өз пікірін білдірді:
– «Каспий» клубымен өтетін ойындар біз үшін турнир кестесіне ешқандай өзгеріс енгізбейді, біз бірінші орынды әлдеқашан иемденіп алғанбыз, яғни бізге енді ешбір команда жете алмайды. Бұл ойындар «Каспий» үшін маңызды болуы мүмкін, себебі олар әлі де екінші орыннан дәмелі. Ақтау клубы өз жанкүйерлерінің алдында олардың қызу қолдауымен қашан да аянбай ойнайды. Бар күш-жігерлерін салады. Біз бұл матчтарды ВТБ лигасындағы Нижний Новгородта өтетін келесі ойынымызға дайындық ретінде қолданатын боламыз. Мен үнемі Ақтауға келгенде де, «Каспийге» қарсы алаңға шыққанда да ерекше көңіл-күйде боламын. Өйткені мен үш маусымды осы клубта өткіздім. Маған бұл клуб бөтен емес. Қазір Ақтауда жаңа команда құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Команданың бас бапкері Евгений Искаков болашақта бұл клуб Ұлттық лига көшбасшыларының бірі болуы үшін тер төгіп жүр. Клубта жас ойыншылар өте көп, олар Ақтауда туған, осы клубта тәрбиеленген. Сондай-ақ Павел Михеев, Дмитрий Свиридов секілді тәжірибелі ойыншылар да бар. Команданың көшбасшысы Азим Ягодкин бәріне үлгі болып, ұжымын алға сүйреп жүр. Команда сапындағы жігіттердің бәрі де аянбай ойнайды. Біздің мақсатымыз – алаңда өрнекті ойын үлгісін тауып, соны алдағы жексенбі күні түзде «Нижний Новгород» клубына қарсы тұру үшін жетілдіре түсуге тырысу. Әрине, тек жеңіске жетуді ойлаймыз, әрі жанкүйерлерімізді тартымды ойынымызбен қуантқымыз келеді.

Ойындар «Батыр» спорт кешені алаңында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен сағат 20:00-де.