«Астана» «Химки» қырандарын қабылдайды

10.03.2018, 13:00    Оқылғаны: 153
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 11 наурыз күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өткізіп, өз алаңында Мәскеу облысының «Химки» клубын қабылдайды.
 
«Химки» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу облысынан, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролигада бақ сынайды.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2006, 2008-2013, 2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2007
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы – 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2014/2015
  • ULEB Еуропа кубогының финалына шыққан – 2008/2009
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2005/2006
  • FIBA Еуролигасының «Төртеу финалында» додаға түскен – 2004/2005
  • ВТБ Бірыңғай лигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2009/2010
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2011/2012, 2014/2015

Өткен кездесулер хроникасы:
Мәскеу облысының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2009 жылдан бері ойнайды. Қазақстан клубы Ресейдің бұл командасымен алаңда 13 рет кездескен. Әрі оның үшеуінде шежіресі мол қарсыласын жеңіп те кеткен болатын. Биылғы маусымда «Астана» «химкиліктермен» Химки аренасында кездесіп, шектен тыс шиеленісті матчта 71:72 есебімен ұтылып қалған.  

Қазіргі жағдай:
Биылғы маусымда химкиліктер бас бапкерін ауыстырды. Душко Ивановичтің орнына грек маманы Георгиос Барцокас келді. Команданың ең үздік көшбасшысы – ресейлік қорғаушы Алексей Швед. Ол команда қоржынына орта есеппен 22 ұпайдан салып жүр. Сондай-ақ бір топ легионерлерін де ерекше атап өтуге болады. Лиганың статистикалық деректері бойынша, олар да көшбасшылар қатарында ойқастап жүр.
  
Турнир кестесі:
«Химки» баскетбол клубы ВТБ лигасының турнир кестесінде 9 жеңіс, 7 жеңіліспен 5-інші орынға орналасқан.
Ал «Астана» 5 жеңіс, 10 жеңіліспен 8-інші орынды иеленіп тұр.

 
«Астана» БК бас бапкері міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:
– Мейілінше қиын ойын болады. «Химки» – шүбәсіз, ВТБ лигасындағы көшбасшылардың бірі. Құрамы тәжірибелі, қарымды ойыншылармен жасақталған, қосалқы құрамындағы жігіттері де жеткілікті, әрі жерге қаратпайтын сенімді саңлақтар. Әрине, «Химки» үшін ВТБ лигасындағы қазіргі 5-орыны өздеріне сай емес. Олар 4-орындағы ұжымнан үш жеңіс қалып келеді. Химкиліктерге Лигадағы әрбір ойын маңызды, өйткені олар плей-оффтағы маңызды ойындарды өз алаңында өткізуге құқық беретін алғашқы төрттікке ілігуді көздейді. «Химки» алдағы матчқа, плей-оффқа ілігуді мақсат тұтып отырған біз секілді, айрықша көңіл бөледі. Оның да өзіндік себебі бар. «Химки» Еуролига аясындағы соңғы ойынды сүреңсіз өткізіп, өз алаңында «Милан» клубынан ұтылып қалды. Сондықтан алдағы матчта сол сәтсіздіктерінің тамырына балта шабуға тырысады деп ойлаймын. Олар тек жеңіске жетуді ойлап қана келеді. Ал алдағы ойын туралы айтар болсақ, қарсыласымыздың сапында Алексей Швед деген қас шебер ойыншы бар. Ол – ВТБ лигасы мен Еуролиганың ең үздік сұрмергені. Осы ойыншыны тұсаулап ұстау мәселесін ешбір команда шеше алмады десек те болады. Қандай жағдай болмасын, ойын қалай аяқталса да, Швед әр матчта өзінің 20 ұпайын еншілейді. Біздің мақсатымыз – оны ыңғайсыз жағдайларда шабуылдауға мәжбүрлеу. Әрине, тек осы жігітті аңдимыз деп, басқа ойыншыларды да ұмытпауымыз керек. Себебі, олар да – тәжірибелі және шыңдалған ойыншылар, атап айтқанда, Джеймс Андерсон, Чарльз Дженкинс, Стефан Маркович және Энтони Гилл, орталық шептегі Малкольм Томас пен Томас Робинсон. Қысқасы, алаңда бізге әрбір ойыншыға қарсы мұқият ойнап, қорғаныста мейілінше сақ болу қажет. Жеңіске жетуге болады, мүмкіндік әрқашан беріледі. Бәрі де тек өзімізге, қаншалықты тиянақты ойнай алатындығымызға, қаншалықты өзімізге сенімді болатындығымызға, «Химкиге» бірінші минуттан бастап қалай төтеп бере алатындығымызға байланысты болады.     
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.