«Астана» Қазақстан кубогында «Каспийден» басым түсті

06.03.2018, 23:00    Оқылғаны: 829
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін «Назарбаев Университетінің» спорттық орталығы залында баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан кубогы додасының екінші ойын күні өтті. «Астана» баскетболшылары Ақтаудың «Каспий» клубымен додаға түсті.

Ақтаулықтар бірінші минуттан бастап атойлап алға шауып, жанкештілік танытты. «Каспий» табан тіресе додаға түскенімен, ойынның бірінші ширек бөлігі +10 ұпай айырмасымен, «Астананың» жеңісімен аяқталды. Екінші кезең әлдеқайда қызықты болды. Евгений Исаковтың шәкірттері өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, екінші онминуттықта жеңіске жетті. Үзілістен кейін де «Каспий» Қазақстан кубогының былтырғы иегеріне дес берген жоқ. Бірақ елорда клубы жеңімпаздық атаққа лайық екенін дәлелдей білді. Кездесу 87:69 есебімен аяқталып, «Астана» басымдық танытты.  
  
Матчта ерекше көзге түсіп, көп ұпай жинаған Александр Жигулин болды, оның еншісінде – 19 ұпай. Антон Пономарев 17 ұпай еншілеп, Рустам Ерғали мен Анатолий Колесников команда қоржынына 14 ұпайдан салды.

 

Ертең, 7 наурыз күні Қазақстан кубогының финалдық ойындары өтеді. Қостанайдың «Тобылы» Ақтаудың «Каспийімен», ал «Атырау Барыстары» «Астанамен» кездеседі. Ойындар «Назарбаев Университетінің» спорттық орталығында өтеді. «Астананың» ойыны сағат 18:00-де басталады. Кіру тегін. Осы матчтан кейін жеңімпазды және жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»